23 қаз, 2021 сағат 08:38

ШҚО-да заңсыз аң аулаған 20 адам жауапқа тартылды


Шығыс Қазақстан облысында заңсыз аң аулаған 20 адам жауапқа тартылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, тәртіп сақшылары өңір бойынша 20 қазаннан бастап «Браконьер» жедел-алдын алу шарасын жүргізуде. Мұндағы мақсат – браконьерлікті, биологиялық ресурстардың заңсыз айналымын анықтау және жолын кесу. 

«Шараның екі күнінде 37 рейд өткізілді. Соның нәтижесінде, табиғат қорғау заңнамасында 33 құқық бұзушылық анықталды. Оның ішінде аң аулау ережелерін бұзғаны үшін – 20, балық аулау ережелерін сақтамағаны үшін – 13 адам жауапқа тартылды», - деп хабарлады ведомство өкілдері. 

Сондай-ақ ҚР ҚК-нің 335-бабына сәйкес 2 сотқа дейінгі тергеу амалдары басталған. 

Айта кетейік, «Браконьер» жедел-алдын алу шарасы 19 қарашаға дейін жалғаспақ.