Шығыс Қазақстан облысында көші-қон заңнамасын бұзған 115 шетелдік жауапқа тартылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
ШҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, 1-5 ақпан аралығында өңір бойынша «Мигрант» жедел алдын алу шарасы жүргізілген.
Осы уақыт аралығында тәртіп сақшылары көші-қон заңнамасын бұзған 232 адамды әкімшілік жауапкершілікке тартты.
Оның ішінде 115 шетелдік азамат бар.
«Заңды сақтамаған шетелдіктердің 113-і әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ал 2 адам (Ресей және Өзбекстан азаматтары) елден шығарылды», - деді ШҚО ПД көші-қон қызметі басқармасының бастығы Ербол Бекпаев.
Сонымен қатар шара барысында жеке басын анықтау үшін қабылдау-тарату мекемесіне 2 адам орналастырылған.
Криминалдық полиция қызметкерлері қылмыс жасағаны үшін іздеуде жүрген Қазақстан Республикасының 1 азаматын ұстады.