Шығыс Қазақстан облысында кәсіпкерден 30 млн теңге бопсалаған қылмыстық топ мүшесі ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, тәртіп сақшылары ақша бопсалаумен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топтың жолын кесу мақсатында арнайы операция өткізді.
«Жедел уәкілдерге бұған дейін бірнеше мәрте сотталған Өскемен қаласының 31 жастағы тұрғыны қыркүйек айында шаруа қожалығының иесін қорқытып, 30 млн теңге бопсалағаны туралы ақпарат келіп түсті. Шара барысында күдікті қожалық аумағында ақшаны алып жатқан сәтінде ұсталды. Тінту барысында оның заңсыз әрекеттерін растайтын заттай дәлелдемелер алынды», - деді департамент бастығының орынбасары Талғат Шаяхметов.
Қазіргі уақытта күдікті сот санкциясымен қамауға алынды. ҚР ҚК-нің 194-бабы 4-бөлігі бойынша тергеу амалдары басталды. Оған 7 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін.