ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин сайлау процесін толықтай цифрландыру мүмкіндігіне баға берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Келешекте учаскеге тіркеу мен шығаруды онлайн жасауға болады. Бұл процесс күрделі емес. Дауыс беру процесінің өзіне қатысты айтар болсам, онда бұл процесті бір айдың ішінде жасау мүмкін емес. Ол үшін технологиялық тұрғыдан дайындық болуы тиіс. Орталық сайлау комиссиясы да дайындалуы қажет. Процестерді бірнеше қырынан зерделеу де керек. Дауыс беру процесінің өзін ғана емес», - деді Бағдат Мусин Шетел инвесторлары кеңесінің кезекті отырысынан кейін БАҚ өкілдерінің сауалына орай.
Оның атап өтуінше, байқаушыларды да қаперге алу керек.
«Біз бәрін түгел автоматтандыра аламыз. Ал байқаушылар қалай қадағалайды оны? Яғни, дауыс беру процесінің бірнеше қыры бар. Байқаушы бір адамның қағазды алғанын, қол қойғанын, нөмірлегенін көреді. Ал электронды түрде мұның бәрі қалай ұйымдастырылады? Цифрландырушы ретінде біздің дайын екеніміз түсінікті. Бірақ, мәселе басқада. Бүкіл процесті цифрландырған тым болмағанда бір елді атаңыздаршы. Дауыс беру процесін халықаралық әдістер тұрғысынан да зерделеу керек. Өйткені, тек цифрландырып, енді осылай болады деп айта алмаймыз. Процедураның өзін электронды түрде жасау қиын емес. Алайда, бүкіл халықаралық қоғамдастық оны растайтындай етіп жасау керек», - деді министр.