Фото: baq.kz
Қазақстан Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов жаңадан қабылданған Конституциядан кейінгі алғашқы жалпы отырыс ретінде тарихи маңызына тоқталып, азаматтардың 87 пайызы жаңа Конституцияны қолдап дауыс беруі – халықтың Президент жүргізіп отырған бағытқа деген сенімінің жоғары екенін дәлелдейді, деп хабарлайды Ult.kz.
"Депутаттар Коалиция құрамында барлық аймақты аралап шықты. Еңбек ұжымдарымен кездесіп, ауыл-ауылда, аудандар мен қалаларда тұрғындармен ашық әңгіме өрбіттік. Жаңа Ата заң мәтінін әзірлеуге де әріптестеріміз бір кісідей атсалысты. Сол үшін бүкіл депутаттық корпусқа шынайы алғысымды білдіремін. Кеше біраз депутат тікелей Президент қолынан жоғары награда алды. Сондай-ақ, саяси партиялардың да қосқан үлесін ерекше атап өткен жөн. Жауапты сәтте бәріміз бірге жұмылып, Мемлекет басшысына қолдау көрсете білдік", - деді Ерлан Жаханұлы.
Ерлан Қошанов өз сөзінде депутаттардың бұл процестегі рөлін ерекше атап өтті. Оның айтуынша, халықпен тығыз байланыс орнату мақсатында депутаттар өңірлерді аралап, еңбек ұжымдарымен және тұрғындармен кездесулер өткізген. Осындай ашық диалог барысында азаматтардың ұсыныс-пікірлері ескеріліп, жаңа Конституция жобасын әзірлеуге негіз болған.
Сондай-ақ, Мәжіліс төрағасы депутаттық корпустың, саяси партиялардың және жалпы қоғамның бірлесе жұмыс істеуі нәтижесінде маңызды тарихи шешім қабылданғанын айтты. Ол бұл жетістікті ортақ жеңіс ретінде бағалап, барша қатысушыларға алғыс білдірді.
Алайда, спикердің айтуынша, негізгі жұмыс енді ғана басталады. Мемлекет басшысы Конституциялық реформаларды жүзеге асыру жөніндегі арнайы Жарлыққа қол қойған. Осыған сәйкес, алдағы уақытта Парламент алдында ауқымды заңнамалық міндеттер тұр.
"Президент, Құрылтай, Халық Кеңесі, Астананың мәртебесі және еліміздің әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы жаңадан бес конституциялық заң қабылдаймыз. Сонымен бірге тағы сегіз конституциялық заң мен 60-тан астам түрлі заңдарға түзету енгізуіміз қажет", - деді ол.
Сонымен қатар, Президенттің бастамасымен бірқатар қылмыстық және әкімшілік құқықбұзушылықтар бойынша рақымшылық жариялау туралы заң жобасы да қаралады. Мәжіліс бұл құжаттарды сессия аяқталғанға дейін қабылдауды көздеп отыр.
