18 нау, 2026 сағат 12:02

Жыл басынан 3,3 мың этникалық қазақ қандас мәртебесін алды

Фото: ашық дереккөз

2026 жылдың басынан бері 3 335 этникалық қазақ тарихи отанымен табысып, қандас мәртебесін алды. 1991 жылдан бері Қазақстанға жалпы 1 млн 168,2 мың этникалық қазақ оралды, деп хабарлады Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.

Жыл басында келген қандастардың 47,8%-ы Қытайдан, 43,6%-ы Өзбекстаннан, 2,7%-ы Түрікменстаннан, 2%-ы Ресейден, 2,2%-ы Монғолиядан және 1,7%-ы басқа елдерден тіркелген.

2025 жылғы деректер бойынша этникалық қоныс аударушылардың 58,1%-ы еңбекке қабілетті жаста, 33,1%-ы кәмелетке толмаған және 8,8%-ы зейнеткер. Еңбекке қабілетті қандастардың білім деңгейі: 13,1%-ы жоғары білімді, 27,1%-ы орта кәсіби, 51,9%-ы жалпы орта білімді және 7,9%-ының білімі жоқ.

Қандастар елдің түрлі өңірлеріне қоныстанған, ал еңбек күші тапшы өңірлер ретінде Ақмола, Абай, Қостанай, Павлодар, Атырау, Батыс, Шығыс және Солтүстік Қазақстан облыстары анықталған.

2026 жылға арналған қандастарды қабылдау квотасы 2 281 адамды құрайды. Қаңтар–ақпан қорытындысы бойынша 569 қандас осы өңірлерге қоныстанған.

Қоныстанған қандастарға біржолғы субсидия ұсынылады: отбасының әрбір мүшесіне 70 АЕК (302,8 мың теңге), тұрғын үй жалдауға және коммуналдық қызметке — 15–30 АЕК (64,9–129,8 мың теңге). Жыл басынан бері 139 қандасқа мемлекеттік қолдау көрсетіліп, 108 адам тұрақты жұмысқа орналастырылған.

Сондай-ақ, солтүстік өңірлерге қоныс аударуды ынталандыру үшін жұмыс берушілерге институционалдық қолдау, тұрғын үй сатып алуға экономикалық мобильділік сертификаты (1 625 АЕК, яғни бір отбасына 7 млн теңгеге дейін) енгізілген.

Еске сала кетейік, 2025 жылы 16,8 мың этникалық қазақ қандас мәртебесін алған еді.