Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының басқарма төрағасы, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің штаттан тыс педиатры Риза Боранбаева балалардағы коронавирус инфекциясын диагностикалау мен емдеудің клиникалық хаттамасы және Кавасаки синдромы туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Риза Боранбаеваның айтуынша, карантин кезінде республикалық орталықтың мамандары COVID-19 инфекциясына шалдыққан жаңа туған нәрестелерді ғана емес, сонымен қатар басқа да аурумен ауыратын балаларды емдеп, күнделікті бақылап отырған.
Осылайша жаңа туған 10 775 нәрестеге және 2 229 балаға консультациялық көмек көрсетілді, оның ішінде жаңа туған нәрестелердің 90% және басқа жас тобындағы балалардың 81% ауыр жағдайдан шығарылды.
«Төтенше жағдай кезінде Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының базасында коронавирус жұқтырған онкологиялық патологиясы бар пациенттер үшін провизорлық және инфекциялық бөлімшелер ашылды. Бұл негізгі ауру бойынша химиотерапия курсын үзбеуге мүмкіндік берді. Балалар онкологиялық/гематологиялық бөлімшелері карантиннің барлық кезеңінде жұмыс істеді, емдеу арасындағы үзілістерде балалар мен олардың аналары «Алатау» республикалық балалар клиникалық шипажайында сауықтырудан өтті. Сондай-ақ, төтенше жағдай кезінде Түркияда емделіп жатқан онкологиялық ауруы бар 5 бала санитариялық авиациямен орталыққа жеткізіліп, ем алуды жалғастырды»,– дейді Риза Боранбаева.
Сонымен қатар, ол антибиотикалық терапия нақты инфекция тіркелген кезде ғана тағайындалатынын атап өтті.
«Бүгінгі күні республикада балалардағы коронавирус инфекциясын диагностикалау мен емдеуге арналған жеке клиникалық хаттама жасалды. Онда балалар мен жасөспірімдердегі COVID-19 және мультижүйелі қабыну синдромының ерекшеліктері көрсетілген. Клиникалық хаттаманы ДДҰ мен ЮНИСЕФ әлемдегі соңғы мәліметтерге жүгіне отырып әзірледі. Балаларда коронавирус инфекциясы көбіне симптомсыз және жеңіл түрде өтетін болғандықтан оларға амбулаториялық ем ұсынылады. Сондықтан мұндай науқастарға арналған хаттамада симптоматикалық емдеу ғана бар. Вирусқа қарсы препараттар қолданылмайды, өйткені вирусқа қарсы препараттарда балаға қарсы көрсетілімдер бар», - деп түсіндірді Риза Боранбаева.
Сонымен қатар, Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының басқарма төрағасы кей балаларда коронавируспен ауырғаннан кейін пайда болатын Кавасаки тәрізді синдромы туралы айтты.
«Соңғы екі айда біздің елде Кавасаки синдромы бар балалар тіркелген жоқ. Бірақ босаңсуға болмайды. Себебі COVID-19 екінші толқыны болуы мүмкін. Кавасаки тәрізді синдром балаларда КВИ-мен ауырғаннан кейін 2-6 апта аралығында пайда болды. Коронавируспен ауырған балалардың 97%-да SARS-CoV-2 антиденелер анықталды. Кавасаки синдромымен көбіне 3-9 жас аралығындағы балалардың ауыратыны байқалды. Олардың басым бөлігі - ұлдар (82%). Кавасаки синдромы бар балаларды емдеу 95% тиімді болды», - деді дәрігер.