Расул Жұмалы елші болып тағайындалды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақордаға сілтеме жасап.
"Мемлекет басшысының Жарлығымен Расул Берекетұлы Жұмалы Қазақстан Республикасының Ливан Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі лауазымына тағайындалды", - делінген Президент Жарлығында.
Расул Берекетұлы Жұмалы 1971 жылы 15 ақпанда Алматы қаласында дүниеге келген.
Әл-Фараби атындағы Қазақ Мемлекеттік университетінің Шығыстану факультетін бітірген.
1992-2007 жылдар аралығында мемлекеттік қызметте: Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігінде және Үкіметінде, сондай-ақ Мысыр, Біріккен Араб Әмірліктері, Израиль, Ливия, бірқатар басқа мемлекеттерде жұмыс атқарған.
2007 жылдан бері "Эксклюзив" журналының бас редакторы. Саясаттанушы. 150-ге тарта мақалалары мен сараптамалық еңбектері жарық көрді. "Геополитика Центральной Азии. О былом и насущном" атты кітаптың авторы.