Ресей президенті Владимир Путин сәуір айында қатерлі ісік ауруының соңғы сатысын емдеу курсынан өтті. Бұл туралы Newsweek журналы жоғары лауазымды үш дереккөзге сілтеме жасай отырып хабарлады.
Америкалық журналдың жазуынша, наурыз айында Ресей басшысына қастандық жасау әрекеті де болған.
Басылым мәліметінше, сәуірдің аяғы мен мамырдың ортасына дейін Америка барлау қызметі Путин қатты ауырып, тіпті өлім аузында жатыр деген деректі тексеріп, ортақ тұжырымға келген. Newsweek-тің жазуына қарағанда, ол коронавирус індетін сылтау етіп, оқшаулану арқылы дертін жасыруға тырысқан.
"Путиннің билігі мықты, бірақ абсолютті емес. Оның Кремльде билік құрған бүкіл уақытында мұндай қызу күрес ешқашан болған емес, барлығы мұның соңы жақындап қалғанын сезеді", – дейді журнал дереккөздерінің бірі.
Журналда жарияланған материалға қатысты пікір білдірген АҚШ қауіпсіздік кеңесінің өкілі барлаушылар арасында Путиннің денсаулығына қатысты қандай да бір тұжырым бар деген ақпарат шындыққа жанаспайтынын айтты.
Сәуірдің басында "Проект" басылымы 69 жастағы президентке соңғы жылдары лор мен хирург жиі ұшып барып жүргенін хабарлаған. Егде кісілердің қалқанша безіндегі ісікті осы мамандар емдейтіні мәлім.
Путинге шабуыл жасалған болуы мүмкін деген мәліметті мамырдың соңында "Украинская правда" газетіне Украина қорғаныс министрлігі бас барлау басқармасының басшысы Кирилл Буданов мәлімдеген. Шенеунік бұл шабуыл "шамамен екі ай бұрын" жасалған деп есептейді. Буданов Ресей президентін өлтіру әрекеті "өте сәтсіз" болған деді.
Кремль әдетте президенттің денсаулығы туралы мәлімет таратпайды. Алайда Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков "Проект" ақпаратын "ойдан құрастырылған" деп атап, президенттің дені сау екенін мәлімдеген.