Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Конституцияны өзгерту жөніндегі референдумның мақсаты мен міндеттері жайлы айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Мемлекет басшысы бірнеше күннен кейін Конституцияға енгізілетін түзетулер бойынша референдум өтетініне тоқталып, бұл болашағымызды айқындайтын жауапты сәт екеніне назар аударды.
"Бұл қоғамдық-саяси өзгерістерге қоғамның сұранысын және халықтың алдағы өзгерістердің шынайылығына деген сенімін көрсетеді. Өйткені, осы реформалар жеке тұлғалардың, соның ішінде Президенттің артықшылықтарын арттыруды емес, бүкіл қоғамның мүддесін көздейді. Менен ел ішінде де, шетелде де Мемлекет басшысы өз өкілеттігін референдум арқылы ұзартуға, басқаша айтқанда, президенттік өкілеттікті қайта бастауға қамданып жатыр ма деп сұрайды. Менің жауабым біреу-ақ, мұндай ниет болған емес, болмайды да", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Ұсынылып отырған саяси жаңғырту бағдарламасының мазмұны – ауқымды. Бірақ басты назар адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау жүйесін нығайтуға, азаматтардың мемлекеттік басқаруға қатысуын кеңейтуге, мемлекеттік институттардың ашықтығы мен тиімділігін арттыруға бағытталған.
"Дамыған демократиялық қоғам құру дегеніміз - айқайлап ұрандату, бірден нәтижеге қол жеткізу емес, дәйекті және жүйелі жұмыс жүргізу екенін түсінуіміз керек. Елімізде жоғары саяси жауапкершілік мәдениеті орнығуы қажет. Бүкілхалықтық референдум жаңа әділетті Қазақстанды құрудың маңызды бастамасы болмақ", – деді Мемлекет басшысы.