10 жел, 2020 сағат 10:40

Педофильдерді қылмыстық жазалау кешенді түрде күшейтілді – Мәулен Әшімбаев

Сенаттың жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Мемлекет басшысының 2020 жылғы 1 қыркүйектегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауының жекелеген ережелерін іске асыру мәселесі бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы екінші оқылымда талқыланды. Құжатқа толықтырулар енгізілгендіктен, заң жобасы Мәжіліске қайтарылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Заң жобасы Мемлекет басшысының 2020 жылғы 1 қыркүйекте жарияланған «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: ic-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру мақсатында әзірленген. 

Құжатты әзірлеудің негізгі мақсаты - мемлекеттік басқару саласындағы заңнаманы одан әрі жетілдіру, кәмелетке толмағандарға қатысты сексуалдық сипаттағы қылмыстар үшін жазаны қатаңдату, квазимемлекеттік сектордағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл, сұйытылған мұнай газы нарығында бәсекелестікті дамыту. 

Заң жобасында жауапты хатшылардың өкілеттіктерін министрліктер аппараттары басшыларына жүктеу; кәмелетке толмағандарға қатысты сексуалдық сипаттағы қылмыстар үшін жазаны қатаңдату; квазимемлекеттік сектор қызметкерлерінде қос азаматтық анықталған кезде және сыбайлас жемқорлық қылмыс жасағаны үшін оларға қатысты еңбек шартын бұзу; монополияға қарсы органмен келісу бойынша электрондық сауда алаңы арқылы сатылатын газ көлемін белгілеу көзделген. 

Заң жобасын талқылау барысында Сенат депутаттарының ескертулері мен ұсыныстарын ескере отырып, Мәжіліс мақұлдаған заң жобасына толықтырулар енгізу қажеттігі туындады. Мәселен, ҚР Қылмыстық-процестік кодексіне кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы аса ауыр қылмыс бойынша сотта істерді қарауды алқабилердің қатысуынсыз судьяның жеке-дара жүзеге асыруын көздейтін түзетулер енгізу ұсынылды. 

«Құжатты екінші оқылымға дайындау кезінде заң жобасына толықтырулар енгізу қажет болды. Мемлекет басшысының Жолдауында кәмелетке толмағандарға қатысты жыныстық сипаттағы қлымыстар үшін жазаны күшейту міндеті көрсетілген. Түзетулер осы санаттағы істерді кәсіби судьялардың жалғыз қарауын көздейді», - деді депутат Қанатбек Сафинов. 

Заң жобасы қаралғаннан кейін енгізілген түзетулері бар құжат Мәжіліске жіберілді. 

«Бұл заң жобасында бірқатар маңызды өзгерістер қарастырылған. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша елімізде балаларды қорғау саласында нақты және жүйелі саясат жүргізіліп келеді. Осы шара аясында педофильдерді қылмыстық жазалау кешенді түрде күшейтілді», – деді Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев.