ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының орынбасары Еркебұлан Дауылбаев көппәтерлі тұрғын үйлерден қосымша табыс табу жолдарын түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Іс жүзінде пәтерлер иелерінің кооперативтерінің, басқарушы компаниялардың басшылары және көппәтерлі тұрғын үйлерді басқарумен айналысатын басқа да тұлғалар, пайдаланудағы ортақ мүліктің жекелеген бөліктерін жалға немесе пайдалануға беру арқылы қосымша табыс таба алады. Мұны пәтерлердің, тұрғын емес үй-жайлардың меншік иелері білмеуі мүмкін. Сондықтан пәтер, тұрғын емес үй-жайлар иелері, жаңадан құрылған мүлік иелері бірлестіктері мен жай серіктестіктер көппәтерлі тұрғын үйдің қандай табыс пен пайда әкелетінін білуі маңызды», - деді Е. Дауылбаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, табыстың негізгі көздері – жарнама, жабдықтарды орнату және үй-жайларды жалға беру.
«Осылайша, лифтідегі және үй сыртындағы жарнамалар, төбеде орнатылған антенна немесе басқа жабдықтар көппәтерлі тұрғын үйдің қосымша табысы бола алады. Қосымша кірістер кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін басқаруға және күтіп-ұстауға жұмсалуы тиіс және бұл туралы ақпарат әрбір тұрғынға берілетін ай сайынғы есепте көрсетілуі қажет.
Басқарудың жаңа формаларын енгізу әрбір көппәтерлі тұрғын үйдегі пәтер иелерінің, тұрғын емес үй-жайлардың мүдделерін қорғауға, кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстау сапасының деңгейін арттыруға мүмкіндік береді, бұл тұтастай алғанда тұрғын үй қорының сақталуын қамтамасыз етеді», - деді Еркебұлан Дауылбаев.
Айта кетейік, 2020 жылдың басынан бастап «Кейбір заңнамалық актілерге тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңы күшіне енді. Биылғы 22 ақпандағы жағдай бойынша көппәтерлі тұрғын үйді басқару бойынша 1 735 ұйым құрылған.
Басқарудың ескі формалары 2022 жылдың 1 шілдесіне дейін өз қызметін жалғастырады. Осы мерзім аяқталған соң Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жою рәсімін жүргізуі тиіс.