27 сәу, 2024 сағат 14:14

Оралда бастауыш сынып мұғалімін белгісіз біреулер үйінде өлтіріп кеткен


Оралда әйел өз үйінен өлі табылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" "Мой город" порталына сілтеме жасап.

БҚО полиция департаменті істің 99-бап "Кісі өлтіру" бойынша тергеліп жатқанын хабарлады. Басқа мәліметтер жарияланбаған.

Портал журналистері қайтыс болған әйелдің көршілерімен сөйлесе алды. Марқұм өмір бойы бастауыш сынып мұғалімі болып жұмыс істегені белгілі болды. Көршілерінің айтуынша, ол мейірімді, жауапты және жанашыр адам болған. 

Қалалық білім бөлімі марқұмның ұқыпты және жауапты мұғалім болғанын хабарлады. Мұғалімнің жалпы жұмыс өтілі-40 жыл, оның ішінде 35 жыл бір мектепте жұмыс істеген.

Надежда Никитина жұмыс істеген №9 мектептің қызметкерлері көңіл айту үшін әлеуметтік желіде хабарлама жариялады:

"25 сәуірде біздің мектепте жұмыс істеген бастауыш сынып мұғалімі Никитина Надежда Владимировна мезгілсіз қайтыс болды. Жұмыс барысында Надежда Владимировна бірнеше ұрпақты тәрбиеледі, өз ісінің маманы, жүздеген ұл мен қызға сүйікті мұғалім болды. Оны таныған барлық адам үшін орны толмас қайғы. Мектеп ұжымы туыстары мен жақындарына көңіл айтады, қайғыларыңызға ортақпыз", - деп жазды қызметкерлер.