30 сәу, 2026 сағат 14:08

Нұрай Серікбай ісі: күдікті есі дұрыс деп танылып, тергеу аяқталуға жақын


Фото: instagram.com/ayankhan_omarov_advocate


Қазақстан Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов Шымкент қаласында қаза тапқан 21 жастағы студент Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты қылмыстық іс бойынша жаңа мәліметтерді жариялады, деп хабарлайды Ult.kz.


Вице-министрдің айтуынша, аталған іс бойынша тергеу аяқталуға жақын. Тергеу аясында сот-психиатриялық сараптама жүргізіліп, оның қорытындысы белгілі болды.


“Сот-психиатриялық сараптама нәтижесіне сәйкес, айыпталушы есі дұрыс деп танылды. Енді ол заң алдында жауап береді”, – деді Санжар Әділов.



Еске салайық, биыл қаңтар айында Шымкентте 21 жастағы студенттің қаза табуына қатысты қайғылы оқиға болған еді. Ресми мәлімет бойынша, күдікті қызға қатысты бұрыннан қудалау әрекеттерін жасап келген. Аталған фактілер бойынша адам өлтіру және сталкинг баптары бойынша қылмыстық іс қозғалған.


Сонымен қатар, араға уақыт салып күдіктінің уақытша ұстау изоляторынан психиатриялық мекемеге ауыстырылғаны туралы ақпарат марқұмның туыстары тарапынан түсінбеушілік тудырған. Қазір тергеу органдары істің барлық мән-жайын толық анықтауға кіріскен.