Онлайн оқу – ауыл жастары үшін жаңа мүмкіндік. Бұл туралы бүгін елордада өткен Ауыл жастарының II республикалық форумында қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, волонтер Арай Қаратаева айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Біз Тәуелсіздікпен бірге өсіп-өнген жастармыз. Мемлекет тарапынан жастарға қолдау көрсетіліп, жеке дамуына жағдай жасалса екен. Жастардың өзі оқыған мамандығы бойынша табыс көзі аз, сондықтан мамандығы бойынша жұмыс істегісі келмейді. Тіпті мамандық бойынша жұмысқа тұрғысы келсе де жұмыс өтілі болуын талап етеді, ал оқуды енді ғана бітірген жаста жұмыс өтілі қайдан болсын? Осы орайда жастар тарапынан ұсыныс: ауыл шаруашылығы мамандарының ауылға барып жұмыс істейтін бағдарламасы әзірленсе дейміз», - дейді «Ауыл» партиясы жастар қанатының мүшесі Аман Әмірханов.
«Ауыл» партиясы Қарағанды облысы бойынша өңірлік филиалының жастар қанатының белсендісі, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Арай Қаратаева онлайн оқу – ауыл жастары үшін жаңа мүмкіндік екенін айтты.
«Карантин кезінде егде жастағы ұстаздар үшін жаңа технологияларды қолдану қиын болды. Уақыт өте келе үйренді. Қалада оқитындар үшін қиындық болған жоқ, себебі қалада интернет желісі жақсы жұмыс істейді. Қалада оқитын оқушылардың 90%-ы қосымша білімге жүгінеді, ал ауылда ондай мүмкіндік жоқ. Қарағанды облысы жастары осындай мәселені шешу үшін жалпыұлттық жобаны қолға алдық. Мақсатымыз – ауылдағы оқушыларды компьютерлік сауаттылыққа, ағылшын тілінде жақсы сөйлеуге үйрету және ҰБТ-ға дайындау. Осы тәжірибеде онлайн оқытудың тиімділігін байқадық. Осы жоба бойынша облысымызда 93 волонтер оқытушы жұмыс істеп жатыр. 743 ауыл оқушысы осы жобада жүйелі түрде білім алуда. Онлайн оқытуды пайдаланып ауыл жастарының білім сапасын көтеруге болады», - дейді ол.