Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаев қазіргі таңда саясатқа араласып жатқан жоқ. Бұл туралы Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев мәлімдеді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев дәл қазір саясатқа араласа ма? Қандай да бір шешім қабылдауға ықпал ете ме? Ол кісімен ақылдасасыз ба?» - деп сұрады тілшілердің бірі Сенат отырысынан кейін.
«Қазір Нұрсұлтан Назарбаев саясатқа араласып жатқан жоқ. Оны өздеріңіз де көріп отырсыздар. Әрине, үлкен жағдайлар болғанда, референдум сияқты шаралар өткен кезде ел азаматы ретінде, саясаткер ретінде міндетті түрде қатысады...
Барлық мәселе заңда көрсетілгендей шешіліп жатыр. Конституцияға сәйкес Президент құқықтары бар. Қасым-Жомарт Кемелұлы сол құқықтардың бәрін жүзеге асыруда. Сондай-ақ Үкіметтің, Сенаттың, Мәжілістің құқықтары бар. Олардың бәрін заң жүзінде жүзеге асырып жатырмыз.
Нұрсұлтан Әбішұлы референдум болған кезде Қазақстан азаматы ретінде өз дауысын берді. Ол – әрбір азаматтың құқығы. Бірақ саясаткер ретінде, Тұңғыш Президент ретінде Қазақстан саясатына араласып отырған жоқ», - деді Әшімбаев журналист сауалына жауап беріп.
Осы тұста тілші тағы да «яғни сіздер ол кісімен ақылдасатындарыңызды мойындайсыз ғой?» деген сұрақ қойды. Ал Сенат төрағасы олай айтпағанын ескертті.
«Ол кісімен ақылдаспаймыз. Ол кісімен ондай ешқандай шара жоқ. Мен өйтіп айтқан жоқпын. Жалпы қазіргі кезде биліктің барлық тармағы, мемлекеттік органдар заңда көрсетілген құзыреттердің бәрін өздері заң жүзінде жүзеге асырып жатыр», - деп түйіндеді Әшімбаев.