Қанат Мусин атқарушылық іс жүргізудегі проблемаларды атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Жалпы, маңызды мәселелер атқарушылық іс жүргізу саласын автоматтандыру арқылы шешімін тапты. Бүгінгі күні іс жүргізу әрекеттерінің 70 пайызы автоматтандырылған ақпараттық жүйеде жүзеге асады. Атқарушылық іс жүргізу тараптары материалдармен онлайн таныса алады және процестік өтінішхаттарды тараптардың кабинеті арқылы береді. Автоматтандырылған ақпараттық жүйесіне тіркелу осы мүмкіндікті ашады. Алайда проблемалар әлі де жеткілікті. Барлық банктер біздің жүйемен біріктірілмеген. 27 банктен 14 банк ақпараттық алмасуға қосылған. Бұл орындату жүйесін толық көлемде автоматтандыруға, банктермен өзара іс-қимылды жеңілдетуге мүмкіндік береді. Азаматтардың қарызды төлеу мүмкіндіктерін едәуір кеңейтеді, олардың өмірлік белсенділігін жеңілдетеді», - деді Қанат Мусин Мәжілістегі Үкімет сағатында.
Сондай-ақ, министрдің атап өтуінше, көлікке тыйым салу/алып тастау және жүргізуші куәлігі қолданысын шектеу мәселелері бойынша Ішкі істер министрлігімен интеграция жоқ.
«Бүгінгі таңда үлкен және іс жүзінде шешілмейтін проблема – ол тараптарды хабардар ету. Ақпараттық жүйемізде қазіргі уақытта СМС-хабарлама бар. Бірақ бұл шара тиімсіз. Өйткені ол хабарламаны борышкерге немесе өндіріп алушыға тиісті түрде жеткізуін қамтамасыз етпейді. Ал пошта арқылы хабарлама жіберу – ол жеткізу мерзімі мен құны бойынша архаизм екені анық. Хабарламаны бір тапсырыс хат арқылы жіберу үшін шамамен 400 теңге жұмсалады», - деді ол.
Қанат Мусиннің айтуынша, мемлекеттің құқықтық жүйесінде борышкерді уақтылы хабардар ету міндетті шарт саналады. Бұл тек сот орындаушылары үшін ғана емес, барлық әкімшілік органдар үшін де міндетті.
«Қазіргі уақытта министрлік бұл мәселені шешімін табу жұмыстарын жүргізуде. Тиісті ұсыныстар жақын арада Үкіметке енгізілетін болады», - деді министр.