30 мам, 2022 сағат 16:30

Мұрат Бектановты тұтқында ұстау мерзімі ұзартылды


Қазақстанның бұрынғы Қорғаныс министрі Мұрат Бектановты тұтқында ұстау мерзімі ұзартылды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Алматы қаласы мамандандырылған ауданаралық тергеу соты бұрынғы Қорғаныс министрі Мұрат Бектановты қамауда ұстау мерзімін тағы бір айға – 20 маусымға дейін ұзартты.

Іс әлі сотқа келмеген.

Айта кетейік, Президент 19 қаңтарда Бектановты сынға алып, қызметінен босатқан болатын. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев министрдің Қаңтар оқиғасы тұсында командирлік қабілет көрсете алмағанын сынға алған.

Бір айдан соң, 20 ақпанда Бектанов ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Бас прокуратура оған қатысты Қылмыстық кодекстің 452-бабы "Биліктің әрекетсіздігі" бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады.

Осы бапқа сәйкес, әскери жағдайда билікті асыра пайдаланғаны үшін мүлкі тәркіленіп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айырылып, 7 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыруға жазалануы мүмкін.