ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов онлайн режимде мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау саласындағы үйлестіру кеңесінің мүшелерімен бейресми кездесу өткізді, деп хабарлайды аталған ведомствоның баспасөз қызметі.
Іс-шараға 30-дан астам адам қатысты, олардың ішінде мүгедектердің қоғамдық бірлестіктерінің басшылары және өңір әкімдерінің мүгедектігі бар адамдар мәселелері жөніндегі штаттан тыс кеңесшілері бар.
«Бұл қандай да бір нақты күн тәртібі бар Үйлестіру кеңесінің отырысы емес, бұл кездесуде мен сіздердің сұрақтарыңыз бен ұсыныстарыңызды тыңдап, бар проблемаларды талқылап, оларды шешу жолдарын іздестіргім келді», – деді Серік Шәпкенов.
Бірнеше сағат ішінде іс-шараға қатысушылар әлеуметтік қызметтер порталының жұмысы, жұмысқа орналасу, арнайы әлеуметтік қызметтер көрсету, мүгедектігі бар балаларды оңалту, санаторлық-курорттық емдеу, инватакси және жеке көмекшілер қызметтерін ұсыну, әлеуметтік және көлік инфрақұрылымының қолжетімділігін қамтамасыз ету, оқыту және спортпен айналысу үшін жағдай жасау және т.б. мәселелерді көтерді.
Министр мүгедектердің қоғамдық бірлестіктерінің басшыларын қызықтырған сұрақтарға жауап берді, сондай-ақ бар проблемалардың шешімін бақылауға алуға уәде берді.
ҚР Еңбекминінің құзыретіне жатпайтын мәселелерді министр басқа ведомстволардағы әріптестерімен талқылауға уәде берді.
Естеріңізге сала кетейік, ағымдағы жылғы 1 ақпанда Серік Шәпкенов Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің отырысында «Нұр Отан» партиясының сайлауалды тұғырнамасын іске асыру аясында әзірленген «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасын таныстырды.
Заң жобасы Мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі 2025 жылға дейінгі ұлттық жоспарды орындау шеңберінде әзірленді. Құжат Парламент Мәжілісі мен Сенатының жұмыс топтары мүшелерінің, Үкімет жанындағы мүгедектігі бар адамдар мәселелері жөніндегі үйлестіру кеңесінің, сондай-ақ жұртшылық пен сарапшылар қауымдастығының ұсыныстарына негізделді.