Фото: ашық дереккөз
Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова әлеуметтік желідегі парақшасы арқылы Қазақстанда педагогтердің білімін бағалау рәсімі тоқтатылғанын хабарлады.
"Құрметті ұстаздар. Сіздермен сүйінші жаңалықты бөлісемін. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен ұстаздарымыздың пәндік білімін бағалау тоқтатылды. Өте жақсы. Менің ойымша, мемлекет басшысы Сіздерге зор сенім артып, үлкен жанашырлық танытуда. Бұл туралы хат білім басқармаларына жолданды", – деді ол.
Ұлттық тестілеу орталығының хабарламасына сәйкес, "модератор", "сарапшы", "зерттеуші", "шебер" санаттарына жұмыс істеп жүрген педагогтер және санатқа тапсыратын басшылар үшін ПББ өткізу тоқтатылады.
"Төлемді қайтару үшін uto@testcenter.kz электрондық поштасына өтініш жолдауларыңыз қажет. Жоғары оқу орындары мен колледж түлектері, сондай-ақ педагогикалық қызметін қайта бастауға ниет білдерген тұлғалар үшін "ПЕДАГОГ" санатына ПББ өтініштерге сәйкес өткізіледі. Сонымен қатар, тестілеуді ай сайын өткізу жоспарланғанын еске саламыз", – делінген хабарламада.
Айта кетейік, педагогтердің білімін бағалау – білім беру саласындағы уәкілетті орган әзірлеген тесттер бойынша педагогтің кәсіби құзыреттілік деңгейін айқындау мақсатында жүргізілетін рәсім. Алайда, ол жыл сайын мұғалімдердің наразылығын тудырып, үлкен пікірталасқа негіз болып келген.
