08 сәу, 2026 сағат 16:52

Әнші Akmal-дің өтпеген концерті үшін 5,3 млн теңгеден астам қаражат қайтарылды

Фото: ашық дереккөз

Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігі Солтүстік Қазақстан облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті тұтынушылардың пайдасына маңызды сот шешімі қабылданғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Ult.kz.

Петропавл қаласының №2 соты департаменттің жеке кәсіпкерге қатысты талап арызын толық қанағаттандырды. Сот шешімімен жауапкерден жәбірленуші азаматтардың пайдасына 5,38 млн теңге өндірілді.

Іске 2025 жылғы 25 қазанда Қостанай қаласында өтуі тиіс болған Akmal концертіне билет алған азаматтардың шағымдары негіз болған. Іс-шара өтпегенімен, ұйымдастырушы тұтынушыларға қаражатты толық қайтармаған.

Сот барысында көптеген азаматтардың ақшаны толық көлемде алмағаны анықталды. Кәсіпкерге сотқа дейінгі талап жолданғанымен, заңбұзушылықтар жойылмаған.

Тұтынушылардың оннан астамының құқығы бұзылғандықтан, департамент белгісіз тұлғалар тобының мүддесін қорғау үшін сотқа жүгінген.

Ведомство өкілдері бұл шешім тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың тиімді тетігі бар екенін көрсететін маңызды тәжірибе екенін атап өтті. Сонымен қатар кәсіпкерлер қандай қызмет түрін ұсынса да, оның ішінде онлайн платформалар арқылы, өз міндеттемелерін толық әрі сапалы орындауға тиіс екені ескертілді.

Департамент алдағы уақытта да тұтынушылардың құқықтарын қорғау бағытындағы жұмысты жалғастыратынын мәлімдеді.

Айта кетейік, Қазақстанда басы дауға қалған ресейлік әнші Акмаль Ходжаниязов Ресей әскерін қолдап, жергілікті басылымға сұхбат берген.