Фото: ашық дереккөз
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі елде кардиологиялық қызметтің дамуы нәтижесінде инфаркт пен инсульттан болатын өлім көрсеткіштері айтарлықтай азайғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Ult.kz.
Министрлік дерегінше, қабылданған шаралар инфаркттан болатын өлімді 3,2%-ға, ал инсульт кезіндегі стационарлық өлімді 25%-ға төмендетуге мүмкіндік берген.
Қазіргі таңда Қазақстанда 85 инсульт орталығы мен 82 коронарография бөлімшесі жұмыс істейді. Сонымен қатар жүрекке жасалатын жоғары технологиялық операциялар саны артқан.
Инсульттің алдын алу мақсатында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында 50 жастан асқан ер азаматтарға екі жылда бір рет брахиоцефалиялық тамырларды ультрадыбыстық зерттеу арқылы скрининг жүргізу енгізілген.
2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Еуропалық өңірінде инфекциялық емес аурулардан болатын өлімді 25%-ға төмендеткен алғашқы он елдің қатарына енді.
Ведомство мәліметінше, бұл көрсеткіштер медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасының артқанын көрсетеді.
