Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Алматы облысы бойынша аумақтық департаменті Талғар қаласының №4 медициналық–әлеуметтік сараптама (МӘС) бөлімінің қызметкерлеріне қатысты қызметтік тергеу жүргізеді, деп хабарлайды ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі баспасөз қызметі.
«Тексеру №4 МӘС бөлімінің қызмет алушыларының қызметкерлердің олармен дөрекі қарым-қатынас жасауына шағымдары негізінде басталған. Әрбір жағдайды қарау барысында МӘС барлық бөлімдерінде орнатылған жабдықта жүргізілетін аудио таспалар және бейнежазбалар пайдаланылатын болады. Тексеру нәтижелері туралы қосымша хабарланады», - делінген хабарламада.
Бұған дейін департаменттің әдіснама және бақылау бөлімі №4 МӘС бөлімінде куәландырудан өткен және онда мүгедек деп танылмаған 5 азаматтың шағымы бойынша куәландыру жүргізді. Шағымданған жағдайларды қарау нәтижелері бойынша қорытындылар негізді деп танылды, өйткені медициналық құжаттарды объективті қарау және талдау кезінде азаматтарда организм функцияларының тұрақты бұзылуы және тіршілік әрекетінің шектелуі анықталған жоқ.