Мемлекеттік материалдық резервтер комитетінің лауазымды тұлғалары сеніп тапсырылған мүлікті ысырап еткені үшін сотталды. Барлығы 21 адамға сот үкімі шықты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінен мәлім еткендей, Мемлекеттік материалдық резервтер комитеті (ММРК) «Резерв» РМК филиалдарының лауазымды тұлғаларына және азық-түлік жеткізушілеріне қатысты (барлығы 22 адам) сеніп тапсырылған мүлікті аса ірі мөлшерде ысырап ету фактілері бойынша сотқа дейінгі тергеу аяқталды. Залал сомасы – 6,5 млрд теңге.
1 ақпанда Алматы қаласы Алмалы аудандық сотының үкімімен 21 адам бас бостандығынан айыру және 1-еуі бас бостандығын шектеу жазаларына сотталды. Атап айтқанда:
- ММРК бұрынғы төрағасы Иманалиев 8 жылға бас бостандығынан айырылып, оны «Құрмет» ордені, «Қазақстан Конституциясына 10 жыл», «Астанаға 10 жыл», «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл», «Қазақстан Конституциясына 20 жыл» медальдарынан айыру туралы Президентке ұсыныс енгізілді (үй қамауы үкім заңды күшіне енгенге дейін сақталды, үкім күшіне енгеннен кейін ол қамауға алынады);
- ММРК Мемлекеттік сатып алу басқармасының басшысы Мақашев 8 жылға бас бостандығынан айырылды;
– «Резерв» – «Высота» РМК филиалының директоры Жақанов пен бөлім бастығы Родин, сондай-ақ «Резерв» – «Сигнал» РМК филиалының директоры Ғалиев 8 жылға бас бостандығынан айырылды;
Аталған лауазымды тұлғалар мемлекеттік қызметте лауазым иелену құқығынан өмір бойына айырылды.
– «Резерв» – «Высота» РМК филиалы директорының орынбасары Құсайыновқа 2 жылға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды;
- азық-түлік өнімдерін жеткізушілер Адамов, Дроздецкая, Тартуманов, Рашитов, А.Сабазов А., О.Сабазов, Абдукаримов, Бақаев, Ғабдуллин, Садай, Исаев, Б.Қожанов, Д.Қожанов, Қанатхан, Мұстафинов, Оспанов 8 жылға бас бостандығынан айырылды.