Ресей Федерациясының 58 жастағы азаматы «Мигрант» жедел алдын алу шарасы барысында ұсталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Күдікті 2006 жылы телефон арқылы зорлық-зомбылық көрсетем деп қорқытып, Ресей азаматынан үлкен мөлшерде ақша талап еткен.
Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Омбы облысының ІІБ осы дерек бойынша РФ ҚК 330-бабымен қылмыстық іс қозғаған.
2019 жылдың 28 ақпанынан бастап бұл азаматқа мемлекетаралық іздеу жарияланды.
Елорда көшелері мен қоғамдық орындарында тиісті құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету, елорда аумағында заңсыз көші-қонды анықтау және жолын кесу мақсатында 1-5 ақпан аралығында «Мигрант» жедел-алдын алу шарасы өткізілді.
Полиция қызметкерлері шетел азаматтары заңсыз жүруі мүмкін орындарды, құрылыс нысандарын, адам көп жиналатын жерлерді тексеріп жатыр.
Шара басталғаннан бері шетелдік азаматтардың Қазақстанда жүріп-тұру ережесін бұзудың 150-ден астам фактісі анықталды, халықаралық іздеуде жүрген үш шетелдік азамат ұсталды.