Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтай тегін үйірмелер мен спорттық секцияларды ауыл балаларына қолжетімді ету механизмдерін ойластыруды ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Балаларды мәдениет және спорт бағытындағы қосымша біліммен, спорт және шығармашылық үйірмелермен қамту үшін 5,8 млрд қаражат қарастырылған. 1523 мектептен тыс қосымша білім беру ұйымында 1,1 млн бала үйірмелерге қатысады. Жалпы 2022 жылы қосымша білім берумен қамтылған балалар 2 461 775 баланы құрайды. Оның 43,68%-ы немесе 1 502 951 бала қалада тұрады. Қалған 26,7 %-ы немесе 958 824 бала ауылда», - деді ол ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжановтың атына жолдаған сауалында.
Депутаттың мәліметі бойынша, бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде балалар үшін қарастырылып жатқан осы қаражаттардың игерілуі жайында керағар ақпараттар бар.
«Мақсатты қарастырылған қаражаттың жұмсалуына сенімсіздік білдірген ата-аналар да көптеп кездеседі. Сонымен қатар мемлекеттік тапсырысты алып отырған заңды тұлғалардың көпшілігі сол мемлекеттік тапсырысты орналастырушы органның қызметкерлерінің туысқандары, таныстары екенін де жиі айтады. Оқушыларды формальді түрде тіркеп қойып, мемлекеттік тапсырысты талан-таражға салуға жол берілмеуі тиіс», - деген депутат өзі атаған олқылықтарды жоюға бағытталған бірнеше ұсыныс айтты.
Олар:
1. ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мен Білім және ғылым министрлігі қосымша білімге бөлінген қаражаттың тиімділігін бағалау және есеп беру критерийлері анықтауы керек;
2. ҚР Білім және ғылым министрлігіне қарасты НОБД Ұлттық білім берудің мәліметтер базасындағы мәліметтері мен artsport.edu.kz платформасының мәліметтерін біріздендіру;
3. Мемлекеттік тапсырысты алып отырған заңды тұлғаларға қойылатын талаптарды күшейту;
4. Қосымша білім беруге орналастырылған мемлекеттік білім беру тапсырысын бақылау, мониторинг жүргізу тетіктері бекіту;
5. Қосымша білім берудің бір бағыты ретінде тарихи, мәдени мұраны, ұлттық құндылықтарды насихаттайтын, отансүйгіштік, патриоттық сезімдерді дамытатын үйірмелер жұмысын жолға қою;
6. Мемлекеттік тапсырысты алып отырған заңды тұлғалардың балаларға ұсынатын бағдарламаларды сараптамадан өткізіп, авторлық құқық негізінде халыққа қолжетімді болуын қамтамасыз ету;
7. Қосымша білім алу мен тегін үйірмелерді, спорттық секцияларды ауыл балаларына қолжетімді ету механизмдерін ойластыру.