28 мам, 2024 сағат 07:12

Мас күйінде көлік жүргізу орны толмас қасіретке алып келуі мүмкін

Фото:inbusiness.kz

Әлемде жыл сайын 1,2 млн. адам, ал Қазақстанда 3000 адам жол апатынан көз жұмады екен. Десе де елімізде көлік басқаруда жауапкершілігін сезінбейтіндер де жеткілікті көрінеді. 

«Ішімдікке сылқиып алып, адам қағып жазым етті» деген сыңайлы жаңалықтар қазіргі кезде таңсық емес болып барады. Мысалы жақында ғана Алматы облыстық Полиция департаментінің бастығы Бауыржан Әленов сондай ауыр жаңалықтың бірін хабарлады. Оның айтуынша медициналық сараптама орта дәрежеде мас болған деп танылған адам көлігімен екі кісіні қағып кетіп, өлім құштырған.

“12 мамырға қараған түні Байсерке ауылын патрульдеу кезінде «Бүркіт-35» экипаж қызметкерлері ЗИЛ-131 автокөлігінің жүргізушісі мас хәлде болуы мүмкін деп күдіктенеді. Жүргізуші патрульдік полиция қызметкерлерінің «тоқта» деген талабын елемей, керісінше қашып құтылуға тырысқан. Салдарынан жүк көлігін басқарған 49 жастағы ер адам автобус аялдамасын жылдамдықпен келіп соққан. Аялдамада тұрған екі адам оқиға орнында көз жұмды, тағы үшеуі түрлі жарақатпен аудандық ауруханаға жатқызылды”, -дейді департамент бастығы.


2,4 мың адам мас күйінде көлік жүргізіп, ұсталған 

Ranking.kz сайтының жазуынша жыл басынан бері елімізде 2,4 мың адам мас күйінде көлік жүргізіп, ұсталған екен. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 4,1% - ға артық. Салыстырсақ, 2023 жылдың қаңтар мен сәуір айлары аралығында, 2,3 мың адам дәл осындай қылмыс жасаған, бұл 11,9% - ға аз. 2,4 мың адамның 162-і қылмыстық ағаттық жасаған, ал 2,2 мың адам қылмыс жасаған. Оның ішінде 846 адам ауырлығы орташа құқық бұзушылық жасаса, 756 адам ауыр, 479 адам ауырлығы төмен және 154 адам аса ауыр қылмыс жасаған.


Алкогольді ішімдік ішіп алып, қылмыстық құқық бұзушылыққа барғандардың ең көбі Астанада (220 адам) екен. Сосын Шығыс Қазақстан (217 адам), Қостанай (201 адам), Ақмола (161 адам) және Солтүстік Қазақстан (158 адам) облысы бестікте тұр. Ең төменгі көрсеткіш Шымкент (37 адам), Ұлытау (46 адам) және Түркістан (67 адам) облыстарында тіркеліпті.

Масаң күйде көлік жүргізгендерге жаза қандай?

Қазіргі уақытта ҚР заңдарына сәйкес мас күйінде көлік жүргізгендер түрмеге тоғытылуы мүмкін. Көлікті мас күйінде басқару немесе көлік тізгінін мас адамға беру 15 тәулікке қамауға алу және 7 жылға жүргізуші құқығынан айыру жазасын кесу қарастырылған. Ал ол бір жыл ішінде екі рет қайталанса, 20 тәулікке қамау және 8 жылға жүргізуші құқығынан айыруы мүмкін.

Жәбірленушінің денсаулығына зиян келтіруге әкеп соққан, қылмыстық жазаланатын іс-әрекет белгілері жоқ немесе көлік құралдарына, жүктерге, жол және өзге де құрылыстарға не өзге де мүлікке зақым келтіруге әкеп соққан дәл осындай іс-әрекеттерде 20 тәулікке қамауға алу және 7 жылға жүргізуші құқығынан айыру көзделген. Егер ол бір жыл ішінде екі рет қайталанса 25 тәулікке қамауға алу және 9 жылға жүргізуші құқығынан айырады. Ал егер жоғарыда аталған заңбұзушылықтарды көлік құралдарын басқаруға құқығы жоқ адам жасаған болса, 20 тәулікке қамау жазасы қарастырылған. Аталған заңбұзушылықтарды әкімшілік қамауға алу қолданылмайтын адамдар жасаған жағдайда (жүкті әйелдер, зейнеткерлер және т. б.) 200 АЕК (2024 жылға 690 000 тнг) айыппұл тағайындалады.

"Депутаттарға жазаны жеңілдету туралы хаттар көп келеді"

Есте болса сәуірде Мәжіліс депутаты Николай Арсютин мас күйінде көлік жүргізгені үшін тағайындалатын әкімшілік жазаны жеңілдету мәселесін көтерген болатын. Ол депутаттарға осы мәселе бойынша көп хаттар келіп түсетінін айтып:

"Бізге жүгінген азаматтар 7 жылдық кезең өте ұзақ мерзім екенін айтады. Көптеген отбасыларда бірнеше несие бар және негізгі табыс көзі автомобиль болды. Бұл азаматтар іс-әрекет жасаған кезде алғаш рет әкімшілік қамауға алу мен ірі айыппұл салуды, ал қайталап жасаған жағдайда ғана автокөлікті басқару құқығынан айыруды ұсынады", - деді мәжілісмен.


100-ге жуық адам қаза табады

Алайда Ішкі істер вице-министрі Игорь Лепеха жазаны жеңілдетуге қарсы болды. Ол жыл сайын мас күйінде көлік жүргізген жүргізушілердің кесірінен шамамен 500-ге жуық жол апаты тіркелетінін, мұндай апат салдарынан 100-ге жуық адам қаза тауып, 600-дей адам жарақат алатытын айтты.

Игорь Лепеханың сөзінше 2018-2023 жылдар аралығында көлік тізгініне мас күйінде отырған 148 мың жағдайы тіркелген және өткен жылы 22 мың адам жүргізуші куәлігінен айырылған.