25 қаз, 2021 сағат 11:10

Мақтааралда бойжеткен ақшаңды көбейтіп беремін деп алдап, 8 млн теңгені қалтаға басқан


Түркістан облысында құмар ойын арқылы ақшаңды көбейтіп беремін деп алдап, елге 8 000 000 шығын келтірген жас қыз анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Мақтаарал аудандық полициясына Шардара ауданының тұрғынынан арыз келіп түскен. 

Жәбірленуші әйелдің айтуынша «Ватсап» әлеуметтік желісі арқылы белгісіз азаматша ақша берсең, құмар ойыны арқылы көбейтіп беремін деп алдағанын көрсеткен. 

Яғни күдікті салған ақшаң еселеп қайтарылатын болады деп сендіріп, 1 000 000 теңгеден астам ақша алған. 

Алайда арадан біршама уақыт өткенде телефонын көтермей, байланысқа шықпай қойған. 

Содан алаяққа алданғанын түсінген тұрғын, бірден полицейлердің көмегіне жүгінді. Аталған дерек ҚК 190-бабы, яғни «Алаяқтық» қылмыстық құқық бұзушылығы бойынша тіркелді.

Тұрғынды алдап, ақшасын қалтасына басқан алаяқты ұстау үшін тәжірибелі тәртіп сақшыларынан жедел-тергеу тобы құрылды. 

Жәбірленушінің ақша салып жіберген банк қосымшасы арқылы күдіктінің жеке-басы анықталды. Полиция қызметкерлері осы қылмыстың ашылып, күдіктінің ұсталуы бойынша жүйелі жұмыстарды жүргізді. 

Тәртіп сақшыларының жедел әрекеті нәтижесінде, алаяқ әйелдің жергілікті тұрғын екені белгілі болды. 

Полицейлер күдіктінің жеке басын анықтап, бірден ПБ-ға жеткізді. Қазіргі таңда аталған жайт бойынша тергеу амалдары жүргізілуде. 

Белгілі болғандай күдікті жас қыз осындай сылтаумен тағы 19 тұрғынан 50 000-800 000 теңге аралығында ақша алып отырған. Осылайша жалпы 8 000 000 теңгеге жуық шығын келтірген. 

Түркістан облысының полицейлері облыс тұрғындарына таныс емес азаматтарға сенбеуді, алаяқтың арбауына түсіп қалмауды ескертеді. 

Сондай-ақ жеке мәліметтерді, не болмаса ақшаны әлеуметтік желі арқылы ешкімге жібермеуге кеңес береді.