08 сәу, 2024 сағат 13:30

Қуандыққа сенім артып, намаз оқитын боламын — қорғаушылар сотта Салтанат Нүкенованың қолхатын оқыды


Астанада экс-министр Қуандық Бишімбаевқа қатысты сот процесі жалғасып жатыр. Бүгін Бишімбаевтың адвокаттарының бірі Ерлан Ғазымжанов марқұм Салтанат Нүкенованың Қуандық Бишімбаевқа жазған хатын оқып берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

"Мен, Салтанат Нүкенова, Қуандыққа сенуге, қызғанбауға уәде беремін. Психологқа үнемі барып тұруға, өз-өзіммен, сеніміммен жұмыс істеуге уәде беремін. Шынайы, тіл алғыш боламын және Қуандықты құрметтейтін боламын. Отбасының ошағын қорғайтын аяулы да қамқор жар боламын. Боғауыз сөз айтпаймын, жынданбаймын. Оның айтқанына сенетін боламын, оның маған тек жақсылық тілейтініне сенемін. Сүйікті Қуандығыма қамқор болуға, құрметтеуге, әрқашан қолдау көрсетуге міндеттенемін. Мен Қуандықпен бірге намаз оқып, рухани өсіп, Алланың көмегімен үйім мен махаббатымызды қорғаймын", - деп жазған ол. 


Судья Айжан Құлбаева мұндай хатқа таңғалып, адвокаттарға сұрақ қойды.

"Әйелі күйеуіне мұндай хат жазған ба? Мұны қалай түсінуге болады? Әйелдің күйеуіне осылай жазғанын алғаш рет көріп тұрмын", - деді Құлбаева.


Қорғаушылар осы хатты іске қоспақ болды, алайда сот дәлел жоқ деп рұқсат бермеді.