30 қаз, 2020 сағат 11:00

Ковидтен кейін үнемі қан қысымын қадағалап жүру керек - мамандар

Қазір дәрігерлер COVID-19-дың салдарын, індеттің жалпы адам ағзасына әсерін жан-жақты зерттеуде. Бұл жаңа инфекция болғандықтан, мамандар әзірге нақты бір тоқтамға келген жоқ, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Дәрігерлердің пайымдауынша, COVID-19 шалдыққандарға бұрынғы қалпына қайта келу үшін ұзақ уақыт керек, өйткені инфекция өкпені ғана емес, адамның өзге де органдарын зақымдайды. 

Инфекция бірінші кезекте өкпені, кейін бүйрек, жүрек , ұйқы безінің жұмысын бұзады. Мұны мамандар COVID-19 кейінгі синдром кезінде байқаған. 

«Ковидтен кейінгі синдром деген түсінік бар. Ол 2-3 айдан кейін, адам жазылдым-ау дегенде, яғни инфекцияның ауыр фазасы өткен соң пайда болады. Ковидтен жазылып шыққан науқастарды емдейтін орталықтар індеттен кейінгі синдромның практикалық бөлігін зерттеуде, мысалы, пациенттің бойында нақты белгілер болады. Қазақстандағы тексеру хаттамасында ғылыми және халықаралық тәжірибе ескерілген»,-дейді «Кардиохирургия ұлттық ғылыми орталығы» АҚ басқарма төрағасының міндетін атқарушы Махаббат Бекбосынова.

Сондықтан ковидтен жазылып шыққан пациент медициналық оңалтудан өту керек. Махаббат Бекбосынованың айтуынша, ковидтен кейін қан қысымы көтерілген науқас саны көбейген. Мұндай пациенттерге қалай көмектесеміз? Бұл бүкіл әлем дәрігерлерін толғандырып отырған мәселе. 

Кардиохирургия ұлттық ғылыми орталығында ковидтен кейінгі пациенттерге медициналық қызмет көрсететін орталық ашылған. 

«Ковид бүкіл адамзатқа стресс болды. Жүрек-қант тамырлары ауруынан қайтыс болғандар саны көбеймеген. Біз анализ жасап, өткен жылмен салыстырдық, өзгеріс жоқ. Бірақ интенсивті терапия бөлімшесіндегі жансақтау бөлімінде жатқандардың 50-70 пайызында артериялдық гипертензия, ал қалған 30 пайызында қант диабеті, яғни коронавирустан кейін қант диабеті пайда болған»,-дейді М. Бекбосынова.

Дәрігерлер өз бетінше емделуге мүлдем болмайтынын ескертеді. Қазір адамдар интернеттен түрлі тәсіл іздеп тауып, дәрігердің кеңесінсіз жиі емделетін болған. Денсаулығыңыз сыр берсе, дереу жедел жәрдем шақырыңыз.

Жүректің жауы – ашу-ыза, стресс. Үнемі күйбелең күйде жүретін, болмашы дүниеге ашуланып, сары уайымға салынған адамның жүрегі түбі бір сыр береді. Жүрек жақсы жұмыс істеу үшін адамның жүйке-жүйесі тыныш болу керек. Жүректің екінші жауы – жалқаулық. Тамақты тоя жегеннен, артық салмақтан қан тамырлары бітеледі, жүректің жұмысы ауырлайды. Мамандар ковидтен кейін үнемі қан қысымын қадағалап жүруге кеңес береді. 

Кез келген дәріні дәрігер тағайындау керек, себебі препараттардың пайдасымен қатар жағымсыз әсері де бар. Жүрекке көкөніс, жеміс-жидек, құрамында магний бар пайдалы тағамдар жақсы. Күніне екі кесе кофе ішуге болады. Кез келген азық-түлікті аз мөлшерде тұтынған дұрыс.