Шымкентте «Дене шынықтыру және спорт» басқармасының бастығы Олег Почиваловтың арызы Әл-Фараби аудандық сотында қаралды. Аталған соттың судьясы Нұрғали Исмаилов басқарма басшысының Ресей Федерациясының азаматы екені толық дәлелін тапқанын айтып, оның талап арызын қанағаттандырусыз қалдырды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Судья, тіпті, шенеунік Почиваловтың сотқа дәлел ретінде қандай да бір құжат ұсынбағанын жеткізді.
«Почиваловқа қатысты азаматтық істі қарау барысында оның Ресей Федерациясының азаматтығын алғаны толық өз дәлелін тапты. Бұл ҰҚК-нің Шымкент қаласы бойынша департаментінің және де Ресей Федерациясының Ішкі істер министрлігінің жауаптарымен дәлелденді. Сол себепті қалалық полиция департаментінің әрекеті заңды деп сотпен шешім қабылданды. Сот шешімі бір айдан соң ғана күшіне енеді», - деді судья Нұрғали Исмаилов.
Айта кетейік, шымкенттік шенеунік бұған дейін өзінде қос елдің азаматтығы бар деп ақпарат таратқан полицияның хабарламасы жалған екенін хабарлаған болатын. Сөйтіп полицияның әрекетін заңсыз деп тану үшін сотқа талап арыз түсірген.
«2005 жылы Почивалов Ресей Федерациясының азаматтығын алған, 2007 жылы паспортын алған. Сол құжаттардың барлығы Ресей Федерациясы Ішкі істер министрлігінің хаттарымен өз дәлелін тапты. Екі азаматтықтың анықталуына байланысты Почиваловқа қатысты ҚР-ның азаматтығынан айыру жөнінде мәселе қойылған», - деді судья.
Еске салайық, соңғы кезде лауазымды тұлғаның Қазақстанның ғана емес, Ресей азаматы екені де әлеуметтік желіде кеңінен тараған. Бірақ Почиваловтың өзі мұның бәрі "әлдекімдердің ұйымдастырғаны" деп жауап беріп еді.