20 жел, 2020 сағат 13:42

Коронавирустан қалай қорғану керек - мамандар пікірі

Коронавирус сақтық шараларын ұстанып, дәрігерлердің кеңесін мүлтіксіз орындамасаңыз, кез келген уақытта жұқтырып алуыңыз мүмкін вирусқа айналғанын бүгінде ешкім де жоққа шығара алмайды.

Өйткені, күні кеше ғана елімізде 652 адамның аталған инфекцияны жұқтырғаны ПТР зерттеу арқылы дәлелденіп отыр. Не істемек керек? Қандай сақтық шараларын ұстанған жөн? Қара басыңыздың ғана емес, қасыңызды жүрген жақындарыңыздың да дені сау болып, коронавирустен аман болғанын қаласаңыз дәрігер мамандардың берер кеңесі де қарапайым. 

Мәселен, Нұр-Сұлтан қаласындағы Көпсалалы медициналық орталықтың инфекционист дәрігері Гүлнәр Нәжімова ауасы үнемі алмасып тұрмайтын жабық ғимараттың ішінде коронавирустың тамшы түрінде таралуы жылдам болатындығын айта келе, жұртшылыққа мұндай орындарға мүмкіндігінше бармауға кеңес беріп қана қоймай сақтық шараларын да атап өтеді. 

«Қолды спиртпен сүртіп, сабынмен жуу керек. Осылайша қолға микроб жұқпайды. Мүмкіндігінше көзді, аузыңызды қолмен ұстамаңыз. Азаматтар көбінесе қолымен кез келген затты ұстағандықтан, вирус қалдықтарының ағзаға ену ықтималдығы жоғарылай түседі. Қолға қонған вирус көзге немесе мұрын, ауызға жетіп, сол арқылы ағзаға жетуі ықтимал. Түшкіргенде немесе жөтелгенде мұрныңызды қолмен жаппауға тырысыңыз. Қолданылған сулық орамалды бірден лақтырып отыру керек. Адамдар көбірек қол тигізетін заттардың, есіктің тұтқасын, кранды, ұялы телефонның экранын әрдайым дезинфекциялап отырыңыз», - деді ол.

Жалпы, бүгінде коронавирус инфекциясымен күрестің алдыңғы шебінде жүрген мамандардың дерегіне қарағанда, науқастардың 90 пайызы инфекцияны отбасылық тойларда жұқтырып отыр. Мұндай мәліметті Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығы басқарма төрағасының міндетін атқарушы Махаббат Бекбосынова алға тартқаны есте. 

«Жаз айларында ковид орталығы ретінде жұмыс істеген кезімізде, короновирустың ауыр формасына шалдыққан науқастарды қабылдадық. Ем-дом алған науқастардың 90 пайызы инфекцияны түрлі іс-шараларда, яғни үйлену тойында, туған күн, құдалық секілді дәстүрлі жиындарда жұқтырған. Бұл - үлкен проблема. Сондықтан адамдар көп жиналатын жерге бармауға кеңес беремін. Негізгі талаптарды ұстанып жүрген, індет жұқтырмаған жақсы таныс адамдармен кездесуге болатын шығар, алайда отбасылық және басқа да үлкен жиындарға, сауда орталықтарына барған әлі де қауіпті. Сақтық іс-шараларына мән беріп, маска тағып, арақашықты сақтау керек. Ауырғанда көшеге шығудың қажеті жоқ», - деді М.Бекбосынова.

«Қарағанды медициналық университеті» АҚ клиникалық фармакология кафедрасының меңгерушісі, медицина ғылымдарының кандидаты, профессор Шолпан Қалиева коронавирустан қорғанудың басты үш факторын айтады. Олар - маска тағу, әлеуметтік қашықтықты сақтау, дезинфекция.

«Адамдар ауыра ма, ауырмай ма оған қарамастан көп байланысқа түспеуге тырысу керек. Адамдар ауыратынын білмеуі де мүмкін. Сондықтан, маска тағу міндетті. Өйткені маска вирустың 70 пайызын сүзеді. Адам жұқтырған жағдайда да вирустық жүктеме аз болады. Қоғамдық орындарға барған соң қолды санитайзерлермен тазалау керек. Жақында вирус беткі қабаттарда ұзақ тұрмайды деген пікір таралды. Бірақ, оған қайшы ғылыми қорытындылар да бар. Орта есеппен вирус адам ағзасына жеткенше үш тәулік тірі болады. Сол үшін қолды зарарсыздандыру маңызды. Вирус жұққан қолымызбен бетімізді, көзімізді, мұрнымызды ұстаған жағдайда ағзаға вирус 100 пайыз кіреді», - дейді ол.

Ал Санжар Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің ішкі аурулар кафедрасының меңгерушісі, медицина ғылымдарының кандидаты Ахметжан Сүгірәлиевтің айтуынша, масканы мұрын мен ауызды толығымен жабатындай етіп дұрыс киген жөн. Инфекцияның қол арқылы мұрын мен көздің шырышты қабаттарына таралу қаупінің жоғары болуына байланысты, көшеде көзге және мұрынға қол тигізбеу керек. 

«Көшеден үйге келгесін қолды сабынмен мұқият жуу керек. Егер адам аурудың алғашқы белгілерін сезсе немесе ол сөйлескен адам ауырып қалғанын білсе, өзін-өзі оқшаулауы керек. Біз айналамыздағы адамдардың денсаулығына жауап беретінімізді түсінуіміз керек. Өзін-өзі емдеумен айналысуға кеңес берілмейді, әсіресе антибиотиктерді, антикоагулянттарды өз бетінше қабылдауға кірісудің қажеті жоқ, өйткені антибиотиктер вирусқа әсер етпейтіні белгілі, ал антикоагулянттар қан кетуіне әкелуі мүмкін. Дер кезінде медициналық көмек алу үшін дәрігерге қаралу қажет – бұл ең қауіпсіз жол. Жағдайы нашарлаған жағдайда стационарға емдеуге жатқызу. Себебі, қайтыс болған пациенттердің көпшілігі – жағдайлары қиындағанға дейін үйде болған адамдар және өлімнің басты себебі – ауруханаға кеш жатқызылуынан», деді Ахметжан Сүгірәлиев.

ҚазАқпарат