Сенат депутатының сауалына жолдаған жауабында ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов қолданыстағы көп деңгейлі зейнетақы жүйесін қалдыру орынды деген ұстаным білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«2023 жылдан бастап жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарын енгізу болашақта зейнетақы төлемдерінің мөлшерін ұлғайтуға айтарлықтай ықпал етеді. Әлемдік тәжірибе және біздің отандық практика (1999 жылы зейнетақылар мен жәрдемақылар бойынша борыштар шамамен 39 млрд теңгені болды) әртараптандырылған қаржыландыру көздері бар қазіргі көп компонентті жүйенің тұрақтылығын көрсетті. Болашақта жинақтаушы компонент зейнетақы төлемдерін қамтамасыз ететін жүйенің негізгі деңгейіне айналады», - деп жазылған жауапта.
Премьер-Министрдің дерегі бойынша, кейінгі 10 жылда БЖЗҚ зейнетақы төлемдерінің орташа мөлшері 10 есе, яғни 3 мыңнан 30 мың теңгеге дейін өскен.
«Бүгінде БЖЗҚ-дағы зейнетақы жинақтарының көлемі – 12,9 трлн теңге. Ал, белсенді салымшылардың жеке зейнетақы шоттарының саны 9 миллионға жетіп қалды. Сонымен қатар, мемлекет жыл сайынғы инфляцияны ескере отырып, зейнетақы жарналарының сақталуына кепілдік беретінін атап өткен жөн. Ұлттық Банк 2014 жылдан бері зейнетақы активтеріне сенімгерлік басқаруды жүзеге асырып келеді. Осы аралықта жинақталған инфляцияның шамасы 90,68% болса, зейнетақы активтерінің жинақталған табысы 104,45%-ға жетті. Нәтижесінде мемлекеттік кепілдік төлемдері 12,8 млрд теңгеден 1,4 млрд теңгеге дейін төмендеді. Осы айтылғандарды ескере отырып, қолданыстағы көп деңгейлі зейнетақы жүйесін қалдыру орынды деп санаймыз», - делінген Үкімет башысының жауабында.