ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі республикалық маңызы бар жолдарды су тасқыны кезеңіне дайындау барысында қауіптің алдын алу және жою мақсатында іс-шаралар жоспарын бекітті.
Орталық және өңірлік деңгейде жол қызметтері өкілдерінен тұратын комиссиялар құрылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Автожолдар
Еліміз бойынша автожолдар инфрақұрылымына 1298 көпір және 15070 су өткізу құбыры кіреді. 482 қауіпті учаске, 59 көпір және 739 су өткізу құбыры бақылауға алынды. Оларға 883 жол-пайдалану техникасы бекітілді. Тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылды.
Автожолдар мен жолдардағы ғимараттар күнделікті тексеріліп тұрады. Су өткізу құбырлары мен көпір астындағы арналар қардан тазартыла бастады.
Су тасқынына қарсы жұмыстарды уақытылы ұйымдастыру үшін қажетті материалдар: 7,8 мың м3 құм, 12,2 мың м3 тас, 14,7 мың м3 қиыршық тас, 52,6 мың қап, 679 тонна ЖЖМ және 124 темірбетон құбырлар дайындалды.
Мұндай іс-шаралар автожолдарды ұстауға бөлінген қаражат арқылы іске асырылады.
Темір жол төсемі
Поездардың үздіксіз және қауіпсіз жүруін, жолды, ғимараттарды уақтылы дайындау мақсатында «ҚТЖ» ұлттық компаниясы аумақтық ұйымдармен және төтенше жағдайлар жөніндегі облыстық бөлімшелермен бірлесіп, су қоймалары мен агротехникалық бөгеттердің жай-күйін тексеруде. Көпірлер, құбырлар және дренажды құдықтардың тесіктерін қардан тазалау, тау және су бұрғыш арықтарды, науалар мен кюветтерді ашу жұмыстары басталды.
Тасқын судың өтуі кезінде тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылып, қосымша бақылау жасалатын 673 қауіпті орынның (құбырлар, көпірлер, жержол) тізбесі анықталды.
Кесте бойынша бут тастар, рельсті пакеттер, темірбетон шпалдар тиелген 45 поезд (328 вагоннан) жасақталды. Арнайы техникалары (крандар, тракторлар және бульдозерлер) бар 84 қалпына келтіру және өрт сөндіру пойызы да дайын тұр. 61 мың адамды эвакуациялау үшін 1713 локомотив және 1 603 вагон дайындалды. Техника мен материалдардың әзірлігі -100%.
2021-2023 жылдарға арналған су тасқыны қаупінің алдын алу және жою жөніндегі кешенді іс-шаралар аясында ҚР ИИДМ Қарағанды облысының «Көкпекті-Қарағайлы» учаскесінде Қарасор көлін айналып өтетін теміржол салу көзделген. Қазіргі уақытта аталған жоба ҚР Ұлттық экономика министрлігінде экономикалық сараптамадан өтуде.