22 мам, 2024 сағат 12:33

"Кінәні басқа біреу өз мойнына алған": Нүкенованың ағасы Бишімбаевтың бала қағып өлтіргені туралы айтты


Марқұм Салтанат Нүкенованың ағасы Айтбек Амангелді тележүргізуші Тимур Балымбетовке сұхбат беріп, анасының "Бишімбаев баланы қағып өлтірді" деген сөзіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Айтбек Амангелдінің айтуынша, оған бұл оқиғаны бір әйел бетпе-бет келіп, айтып берген. 

"Жаяу жүргіншілер жолында бала қағып кеткен. Біз 8-9 қараша күндері Салтанаттың өліміне қатысты куәгерлерді іздеп, халықтан көмек сұрадық. Осы кезде бір әйел мені кездесуге шақырып, осы оқиғаны баяндады. Қателеспесем қараша айында еді, көзілдірік таққан, шарфқа оранған әйел болды", – дейді Айтбек Амангелді.


Алайда осы кездесуден кейін ол әйел ізім-ғайым жоқ болды. Әйелдің өзін таныстырған кездегі есімінің де жалған болуы мүмкін екенін айтады. 

"Мен алғашында бұл ақпаратқа сыни көзбен қарадым. Бірақ ол өте көп ақпаратпен бөлісті және оның берген ақпараттары ресми деректермен сәйкес келіп отырды. Барлығын нақты деректермен аты-жөндерін, туған жылдарын берді. Сондай-ақ ол соз кезде қылмысты өз мойнына алған екінші адамның аты-жөнін берді. Ресми деректерге сүйенсек, сол адам 3 ай уақытша тергеу изоляторында отырған. Сосын тараптардың татуласуымен іс жабылып кеткен", – дейді марқұмның ағасы. 


Айтбек кездескен әйелдің мәліметінше, Бишімбаев мас күйінде рөлге отырып, жаяу жүргіншілер жолағында баланы қағып кеткен. Алайда кінәні жанындағы екінші адам өз мойнына алған.

"Осы оқиғадан кейін қылмысты мойнына алған адамның әкесінің кәсібі кеңейген, ал өзі тергеу изоляторынан шыққан соң әскерге барып келген. Әскерден кейін ол да Бәйтерек компаниясы секілді жерлерде лауазымды қызметтер атқарған. Ал Бишімбаевтың өзі осы оқиғадан кейін Америкаға оқуға кетіп қалған", – дейді Айтбек Амангелді. 


Айтбек Амангелді осы ақпараттарды бөліскен әйелдің бұрын Бишімбаевтың отбасында жұмыс істеген болуы мүмкін екенін айтады.