Сенат депутаты Ләззат Сүлеймен Қазақстандағы демографиялық даму тұжырымдамасын әзірлеуді ұсынды.
Оның айтуынша, адам капиталының саны мен сапасын ұлттық және өңірлік деңгейде бағалау қазіргі заманғы мемлекеттік басқаруда ерекше рөл атқарады. Ал демографиялық факторлар мемлекеттің экономикалық және әлеуметтік дамуының негізгі құрамдас бөлігі болып табылады, - деп хабарлайды «Ұлт ақпарат».
"Соңғы онжылдықта Қазақстан халқының саны 2 миллион 400 мың адамға немесе 15,1%-ға өсті, бұл негізінен табиғи өсіммен қамтамасыз етілді. 1990 жылдары туудың төмен болуына байланысты қазіргі уақытта ел экономикасы жұмысшы кадрлардың тапшылығын бастан кешуде, бұл жалпы демографияға теріс әсер етті. Бұл үрдіс мемлекеттің даму жоспарын жасау кезінде ескерілуі тиіс", - деді сенатор.
Парламентарий жаңа демографиялық бағдарламада жастардың еңбек нарығына тартылуын арттыру, жұмыссыздық деңгейін барынша азайту, денсаулық кепілдіктерін, еңбек және репродуктивті құқықтарын, жастарды әлеуметтік қолдауды қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті.
Сондай-ақ бала тууды қолдау саясатын көрсету, әйелдердің, оның ішінде жас балалары бар көп балалы аналардың, ауыл халқының әлеуетін ашу мүмкіндігін жасау, қолданыстағы заңнаманы біріздендіру маңызды екенін атап өтті.
Сенатор бұл қадамдар халықтың саны мен олардың бөлінуін, қазіргі және болжамды жас құрылымын және халықтың өсу қарқынын түсіну үшін қажет екенін айтты.
Ләззат Сүлеймен бұл бағыттардың барлығын 2030 жылға дейінгі мерзімге әзірленген бірыңғай мемлекеттік демографиялық бағдарламаға біріктіру қажет деп мәлімдеді.
2020 жылдың 1 ақпандағы жағдай бойынша ел халқының саны 18, 6 миллион адамды құрады, оның ішінде қалалық 58,5%, ауылдық - 41,5%. 2019 жылдың 1 ақпанмен салыстырғанда халық саны 1,3% - ға өсті.
Қарастырылып отырған кезеңде ең үлкен жалпы өсім еліміздің 3 өңірінде байқалды: Алматы қ., Нұр-сұлтан қаласы және Түркістан облысында.
Соңғы 16 жылда түрлі бағдарламалар бойынша ауылдарды дамытуға мемлекет екі триллион теңгеге жуық қаражат бөлді.
Соңғы жылдары Қазақстанда ауылдық аумақтарды тиімді дамыту үшін маңызды қадамдар жасалды. 2019 жылдан бастап "Ауыл – ел бесігі"жобасы іске асырылуда. Дегенмен, жағдай түбегейлі өзгерді деп айта алмаймыз. Қазіргі уақытта елімізде алты мыңнан астам ауыл бар. Ұлттық экономика министрлігінің бағалауы бойынша, 3,5 мың (56%) дамудың қажетті әлеуеті бар.
Статистика комитетінің ақпаратына сәйкес, 2020 жылдың қыркүйегінде халық саны 18,7 миллион адамға жетті.
Ақорда сайтында жарияланған ресми құжатқа сәйкес, 2030 жылға дейінгі елдегі демографиялық болжам кестесінде халық саны 18,5 миллион адамға жетеді делінген.
Демек, бұл жылға арналған жоспар орындалды. Енді 2025 жылға дейін халық саны 19,4 миллион, 2030 жылы 20,3 миллион адам болады деген жоспар бар.
2020 жылы 11 мыңға жуық этникалық қазақ тарихи отанына оралды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің хабарлауынша, оларға қандас мәртебесі берілді.
2020 жылдың 1 қазандағы жағдай бойынша, 10,9 мың адам Қазақстанға, түпкі отанына оралды.
Айта кетейік, 1991 жылдан бері елге бір миллион 68,3 мың этникалық қазақ оралған.