Қазақстанда жыл сайын қатерлі ісіктің 36 мыңға жуық жаңа жағдайы тіркеледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазіргі уақытта Қазақстанда жетекші онкологиялық қауымдастықтардың халықаралық хаттамаларына сәйкес келетін онкологиялық ауруларды емдеудің қазіргі заманғы түрлері жүргізілуде. Таргетті терапия, иммунотерапия және гендік инженерия әдістері белсенді қолданылады. Барлық химиотерапиялық және таргеттік препараттар тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) шеңберінде қамтамасыз етіледі. 2010 жылдан бастап сүйек кемігін трансплантациялау жүргізілуде. 2012 жылы Қазақстанда онкопсихологтардың жеке кәсіби қызметі пайда болды», - дейді «Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты» АҚ Басқарма төрағасы Диляра Қайдарова.
Оның айтуынша, скринингке жыл сайын шамамен 4 млрд теңге бөлінеді.
«Қазір адамдар медициналық тексеруден қорқады. Сондықтан аурулары асқынып кетеді. Бізде 5 жылға арналған кешенді жоспар бар, оған 35 млрд-тан астам теңге бөлінді. Қазақстанда жыл сайын қатерлі ісіктің 36 мыңға жуық жаңа жағдайы тіркеледі. Бүгінгі күні диспансерілік есепте 190 мың адам тұр. Жылына осы қатерлі дерттен 14 мыңанан астам адам қайтыс болады», - дейді бас онколог.
Сонымен қатар, ол ауруды емдеуге барлық мүмкіндік бар екенін атап өтті.
«Маңызды жетістік ретінде аурудың сатысы мен таралуын дәл анықтауға, емдеудің оңтайлы режимдерін таңдауға, жеке терапияны қолдануға, сәулеленудің немесе химиотерапияның оңтайлы курсын тағайындауға, емдеудің тиімділігін бақылауға және негізсіз операцияларды болдырмауға көмектесетін МРТ және ПЭТ-КТ диагностикасын, молекулалық-генетикалық зерттеулер мен телепатологияны енгізуді айтуға болады. Онкологиялық аурулардың ерте белгілерін анықтайтын және анықталған аурулары бар пациенттерге алғашқы көмек көрсететін емханалардың қызметкерлері үлкен жұмыс атқарады. Онкологиялық аурулармен күресудің Кешенді жоспары аясында қатерлі ісіктің кең таралған түрлерімен ауыратын пациенттерге үйде паллиативтік көмек көрсету бойынша мобильді топтардың жұмысы басталды», - деді ол.