24 ақп, 2021 сағат 09:46

Қазақстанда ең төменгі кепілдендірілген зейнетақыны көтеру жоспарланған

Қазақстанда ең төменгі кепілдендірілген зейнетақыны көтеру жоспарланған. Бұл туралы Мәжіліс депутаттарының сауалына ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің жауабында айтылған, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Ынтымақты зейнетақы жыл сайын индексацияланатын төлем саналады. Ол инфляцияның 2 пайызынан асып түсетін деңгейде кепілдендірілген. Шынайы тұтынушылық баға мен жалақының өсім индексі өткен кезеңнің іс жүзіндегі мәліметтері негізінде қалыптасады. Сондықтан ынтымақтасты зейнетақыны арттыру барысында тиісті қаржы жылындағы инфляция есепке алынады. Осыған орай, шынайы тұтынушылық баға өсімі, сонымен қатар жалақы өсімі индексін, яғни өткен кезең көрсеткіштерін есепке ала отырып, зейнетақыны жыл сайын индексациялау мәселесін қарастыру мақсатқа сай емес», - деді Асқар Мамин. 

Үкімет басшысының айтуынша, қазіргі уақытта зейнеткерлердің материалдық жағдайын арттыру мақсатында зейнетақымен қамсыздандыруды ең алдымен, базалық зейнетақыны ең төменгі кепілдендірілген зейнетақыға ауыстыру жолымен жаңғырту жұмысы жүргізіліп жатыр. 

«Ең төменгі кепілдендірілген зейнетақыны тағайындау тетігі базалық зейнетақы тағайындаудың қолданыстағы әдістемесіне негізделетіндігі көзделеді. Бірақ, белгілі бір параметрлері жетілдіріледі. Бұл шара ең төменгі мөлшерді ең төменгі күнкөрісті 54-тен 70 пайызға дейін арттыруды, сонымен қатар мөлшердің ең төменгі шектеуін алып тастауды қарастырады», - деді Үкімет басшысы. 

Сонымен қатар Премьер-Министр зейнетақы жүйесін жаңғыртудың тағы бір маңызды бағыты 2023 жылдан бастап жұмыс берушілердің міндетті зейнетақы жинағын енгізу екендігін айтады. 

«Жоспарланған шаралар елдегі және әлемдегі қалыптасқан экономикалық ахуалды, әлеуметтік және демографиялық факторларды, сонымен қатар Мемлекет басшысының зейнетақы жүйесін жаңғыртуға қатысты берген бірқатар тапсырмасын толық көлемде ескереді», - деді Асқар Мамин.