26 қыр, 2019 сағат 10:37

Қазақстанда автогаз құятын 100 станса салынады

«QazAvtoJol» ҰК» АҚ қызметкерлері Түркістан облысына жұмыс сапары барысында Түркістан, Шымкент және Жамбыл өңірлерінің әкімдігімен, шағын, орта және ірі бизнес субъектілерімен жиын өткізді. Бұл жөнінде компанияның баспасөз қызметі хабарлады.

Кездесу барысында сервис нысандарын дамыту, оларды ұлттық стандарт талаптарына сәйкестендіру, жол бойындағы кешендерге жер бөлу, қажетті коммуникацияларды өткізу және «ҚазТрансГаз» АҚ-мен бірлесіп жол бойында газ құю бекеттерін салу мәселелері талқыланды.

Қазіргі таңда Түркістан облысындағы жол бойында қызмет көрсететін 158 нысанның тек 32%, ал Жамбыл облысы бойынша 61 нысанның 41% ұлттық стандарттарға сай. Жоспар бойынша ҚР газ тартылған өңірлерінде 100 автогаз толтыру компрессорлық станциясының құрылысы көзделген. Оның жанында кемпинг, қонақ үй, сауда орындарын, техникалық қызмет көрсету стансасын, автокөліктерді жуу орындарын, заманауи дәретханаларды, жеңіл және жүк автокөліктеріне арналған тұрақтарды орнатады. Сонымен қатар, дизельді отынды газға ауыстыру арқылы көлік шығындары азайып, экологиялық таза метан есебінен атмосфераға тигізетін зиянның көрсеткіші төмендейді.

Жиынның нәтижесі бойынша өңір басшылығына жол бойындағы сервистердің қазіргі жағдайын жақсарту, ұсынылатын қызметтердің сапасын арттыру тапсырылды.

Еске салсақ, «QazAvtoJol» ҰК» АҚ мен «ҚазТрансГаз» АҚ Қазақстанда табиғи газды мотор отыны ретінде пайдаланудың өндіру-өткізу инфрақұрылымын дамыту мәселесі бойынша меморандумға қол қойған болатын.

Меморандумның мәні – тараптар бірлескен жобалардың, оның ішінде халықаралық «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» автожолының қазақстандық учаскесінде және республикалық маңыздағы автожолдарда көлікке газ құю бекеттері бар жол бойындағы сервистердің құрылысын жүзеге асыру туралы серіктестік.