20 мам, 2022 сағат 17:15

Қазақстан университеттері жұмыс берушілермен ынтымақтастықты нығайтып жатыр


Қазақстандық жоғары оқу орындары жұмыс берушілермен ынтымақтастықты нығайтып жатыр. Сондай-ақ университеттер еңбек нарығының сұранысына қарай білім беру бағдарламаларын әзірлейді, деп хабарлайды БҒМ баспасөз қызметі.

Қазір студенттер өндірістік тәжірибеден өтіп, оқуды аяқтаған соң еліміздің жетекші компаниялары мен кәсіпорындарына жұмысқа орналасып жатыр.

Университеттер «Арселор Миттал Теміртау», «ҚазТрансОйл», «Маңғыстаумұнайгаз», «Жәйрем тау-кен байыту комбинаты», Пархоменко атындағы Қарағанды машина жасау зауыты, «Соколов-Сарыбай тау-кен байыту өндірістік бірлестігі», «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК», «Kaspi bank», «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» және тбасқа да компаниялармен келісімшарттар мен ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойды.

Мысалы, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті «Самұрық-Қазына» АҚ, «Ұлттық ғарыштық зерттеулер және технологиялар орталығы» АҚ, «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ, «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК» АҚ, «Электронды қаржы орталығы» АҚ, Қазақстан Мұнай-газ-энергетика кешені ұйымдарының қауымдастығы, «Қазатомөнеркәсіп» Ұлттық атом компаниясы» АҚ, «Ұлттық биотехнология орталығы» РМК, «Қазгеодезия» РМК, «Қазгидромет» РМК және т.б. келісімге келді.

ЕҰУ-де білім беру сапасын арттыруға, кадрларды даярлауға, студенттердің өндірістік практикадан өтуіне және түлектердің жұмысқа орналасуына жәрдемдесетін Жұмыс берушілер кеңесі жұмыс істейді. Жұмыс берушілер білім беру бағдарламаларын әзірлеуге және сараптауға да қатысады. ЖОО студенттері мен түлектері үшін жұмыс берушілер бос орындар жәрмеңкесін, конференциялар, көрмелер, кәсіпорындарда экскурсиялар, семинарлар, шеберлік сабақтарын өткізеді.

Жұмысқа орналасу бойынша ең жоғары көрсеткіштер – Торайғыров университеті түлектерінде шамамен 98%. Университет облыстағы ірі кәсіпорындармен 270 ынтымақтастық келісімшартын жасасқан. Олардың ішінде «Қазақстан алюминийі» АҚ, «ERG Service» АҚ, Ақсу ферроқорытпа зауыты, Қазақстан электролиз зауыты, Павлодар мұнай-химия зауыты, Екібастұз ГРЭС-1 және т.б. бар. Торайғыров атындағы университеттің студенттері бірінші курстан бастап облыс кәсіпорындарында дуалды оқытудан өтеді, сонымен қатар жұмыс берушілерден ақылы тағылымдамадан және тәжірибеден өтеді.

 «Қазір университеттер білім беру бағдарламаларын әзірлеп, кадрларды тарту кезінде жұмыс берушілердің сұраныстарына назар аударады. Бірқатар отандық жоғары оқу орнында Мансап және кәсіби даму орталықтары жұмыс істейді. Олар жұмыс берушілермен бірлесе отырып, бос жұмыс орындары жәрмеңкелерін, презентациялар ұйымдастырады, студенттер мен түлектерге жұмысқа орналасу мүмкіндіктері мен кәсіби тәжірибеден өту туралы ақпарат береді. Осылайша Мансап орталықтары түлектерге жұмысқа орналасуға және кәсіби әлеуетін іске асыруға көмектеседі. 2021 жылы университеттер 100-ден астам бос жұмыс орындары жәрмеңкесі, 200-ге жуық кездесу өткізді. Оларға 115 мыңға жуық университет студенттері, сондай-ақ 2 800-ден астам мекеме, кәсіпорындар мен компаниялардың өкілі қатысты», - деп түсіндірді ҚР БҒМ Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің директоры Әділет Тойбаев.