Фото: Қазақстан футбол федерациясы
Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Станислав Черчесов қазақ тілі туралы қалжыңына қатысты алғаш рет пікір білдірді, деп хабарлайды Ult.kz.
Ол ресейлік "Спорт-Экспресс" басылымына берген сұхбатында ол қалжыңдағанын айтты.
«Әрқашан көпшілік алдында сөйлегенімде не айтып жатқанымды білемін. Егер менің қалжыңымды дұрыс түсінбеген болса, онда менің қателігім», — деді Черчесов.
Еске сала кетсек, Ұлттар лигасында Словениямен өткен матчтан кейінгі баспасөз конференциясында журналист қазақ тілінде сұрақ қойған болатын. Черчесов оның үстіндегі Францияның ПСЖ клубының жейдесін көріп: «Сен қай тілде сөйлеп тұрсың — французша ма?» деп қалжыңдағандай болды, бірақ сұрағын жалғастыруға рұқсат етті.
Бұл оқиға әлеуметтік желілерде кең таралып, көпшілік оны қазақ тілін кемсіту ретінде қабылдады. Осыған байланысты, Қазақстанның Туризм және спорт министрлігі футбол федерациясынан түсініктеме талап етті.
Көп ұзамай Черчесовке 200 АЕК (738 400 теңге) көлемінде айыппұл салынғаны белгілі болды.