02 қаз, 2024 сағат 11:56

Қазақ полициясы елдегі синагогаларды қорғауға бағытталды

Фото: pexels.com

Қазақстан полициясы патрульдеу маршруттарын Израильдің діни және дипломатиялық нысандарына жақындатты. Бұл туралы ҚР ІІМ-ге сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлады.

"Елшіліктер әрқашан полицияның қорғауында болады. Барлық діни нысандар да ұзақ уақыттан бері ІІБ бақылауында. Патрульдеу маршруттары осы нысандарға жақындатылды, қосымша ЦОУ камералары арқылы жақын маңдағы аумаққа бейнемониторинг жүргізілуде", - деп хабарлады ІІМ баспасөз қызметі өкілдері.


Таяу Шығыстағы жағдайға байланысты қазақстандық әуе компанияларына Иран әуе кеңістігінен айналып ұшуға да кеңес берілді.

Көлік министрлігі Таяу Шығыстағы жағдайдың шиеленісуіне қатысты мәлімдеме жасады.

"Таяу Шығыстағы жағдайдың шиеленісуіне байланысты қазақстандық әуе компанияларына Иран әуе кеңістігін айналып өтуге және баламалы маршруттарды таңдауға, сондай-ақ тиісті аймақтағы ұшуларға қатысты бұрын жіберілген нұсқаулықтар мен ұсыныстарды басшылыққа алуға кеңес берілді", - делінген Telegram-арнада жарияланған хабарламада.


Айта кетейік, кеше, 1 қазанда Иран Израильге зымыранмен шабуыл жасады. Израиль билігі бірнеше адам зардап шеккенін хабарлады. Ал бұл соққылардан Газа аумағында бір палестиналық қаза тапқан. Израиль билігі жауап қайтаруға оқталып отыр.