«ҚазАгро» холдингінде қызметкерлерді қысқарту жүреді. Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бүгінде «ҚазАгроның» қарызы бар екенін баршаңызға белгілі. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығын қолдауға бағытталып жатқан қаржы «ҚазАгро» қарызын жабуға бөлінбейді. Бұл қаржы бірден «ҚазАгроның» еншілес кәсіпорындарына жіберіледі және олар арқылы тауар өндірушілер несиелендіріледі», - деді министр.
Сонымен қатар ол «ҚазАгро» берешегін жабу бойынша қайта құрылымдау мен холдингті реформалау іске асырылып жатқанын атап өтті.
«Егер бұрындары «ҚазАгро» құрылымында жетіге жуық еншілес кәсіпорын болса, ал талдау нәтижесі бойынша еншілес үш кәсіпорынды жабамыз. Яғни екі кәсіпорын жабылса, береуін – «ҚазАгроКепілді» «Аграрлық несиелік корпорациясымен» біріктіру ескерілген. Себебі олардың қызметтері бірін-бірі қайталап тұр», - деп түсіндірді С. Омаров.
Министрің атап өтуінше, «ҚазАгро» орталық штатында қысқарту жүреді.
«Реформалар нәтижесінде, шамамен 1,1 мың холдинг қызметкерін қысқартуды жоспарлап отырмыз. Осының есебінен 3,2 млрд теңгені үнемдеу ескерілген», - деді ведомство басшысы.
Бұдан бұрын хабарланғандай, «ҚазАгро» холдингі өз қызметін реформалау нәтижесінде 2020 жылдың қорытындысы бойынша таза пайдаға шығуды жоспарлап отыр.