Елордада IX Азаматтық форум аясында Донорлар форумы басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Донорлар форумының миссиясы – елде донорлық және қайырымдылық қызметті жүзеге асыру үшін қолайлы орта құруға жәрдемдесу, азаматтық қоғамның әлеуетін дамыту.
«Қазір біз үкіметтік емес ұйымдардың қызығушылығын тудыратын өзекті жобалар мен тәсілдерді қалыптастыру мәселелерін талқылауды көздеп отырмыз. Сондай-ақ донорлардың мақсаттары мен демеушілігі бойынша не күтетінін білгіміз келеді. Ең негізгі міндет – бірыңғай тәсілдерді әзірлеу және осы саладағы қызметтің белгілі бір деңгейде ашықтығын қамтамасыз ету, өйткені қазір әлеуметтік жобаларды бюджеттік қаржыландырудан басқа, азаматтық бастамаларды қолдау бойынша ірі кәсіпорындардың, бизнес-қоғамдастықтардың, халықаралық ҮЕҰ-ның үлкен толқынын көріп отырмыз. Бұл бағытта барлық топтың теңдей қатысуын қамтамасыз ету үшін осындай форумдар қажет. Бұл жиын ең алдымен демеушілердің не күтіп отырғанын және ҮЕҰ-лардың тәжірибесін айтуға, жаңа тәсілдер шығаруға көмектеседі», - деді ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Азаматтық қоғам істері комитетінің төрағасы Мадияр Қожахмет Қазмедиа орталығында тілшілерге берген сұхбатында.
Сонымен бірге, комитет басшысы биылғы пандемияда донорлық жұмыстың жарқын мысалы көрсетілгенін атап өтті.
«2020 жылды жарқын мысал ретінде ерекше айтуға болады. Пандемия кезінде «Біргеміз» қорынан бастап, көптеген ҮЕҰ-лар мен ірі бизнестер азық-түлік пакетінен бастап түрлі көмек ретінде миллионнан астам халыққа көмек көрсетті. 30 қыркүйекте Мемлекет басшысы қайырымдылық ұйымдарының басшыларымен кездесу өткізді және бірқатар тапсырма берді. Осы бастамалар аясында «Қайырымдылық туралы заңға» өзгерістер мен толықтырулар енгізуді талқылап жатырмыз. Дәлірек айтқанда, салықтық жеңілдіктер беріп, қайырымдылық ұйымдарының бірыңғай базасын жасау жоспарланған», - деп түсіндірді М. Қожахмет.
Сөз соңында спикер еліміздегі донорлық мәдениеттің қалыптасуы туралы пікір білдірді.
«Біздегі донорлық мәдениет туралы айтар болсам, екі мәселе еріксіз қозғалады. Оның біріншісі — халықтың 90 пайызы мұндай қайырымды іске жақын. Мешіттерде, жекелеген орындарда қайырымдылық істері жиі көрініс тауып жатады. Ал екінші жағынан үлкен ұйымдар арқылы жасалып жатқан донорлық қызмет әлі дами қойған жоқ. Ең бастысы халықтың донорлыққа деген көзқарасы, ниеті түзу. Ал оны бір ізге түсіріп, әлсіз тұстарын жетілдіріп, ортақ стандарттарға қою біздің басты мақсатымыз болып отыр. Форум барысында осы мәселелерді жан-жақты талқылайтын боламыз», — дейді ол.
Айта кетейік, форумды ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы ұйымдастырған.
Форум қорытындысы бойынша Қазақстанның IX Азаматтық форумының қарар жобасына ұсыныстар мен ұсынымдар әзірленетін болады.