Қарағандыда кәмелетке толмаған қыз баланы зорлағаны үшін 7,6 жылға бас бостандығынан айырылған 17 жастағы жігіт жазасын қайта қарауды сұрады. Алайда апелляция алқасы үкімді өзгеріссіз қалдырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Естеріңізге сала кетейік, 2020 жылдың маусым айында Топар кентінің маңындағы су қоймасының жағасында сотталушы таныс жасөспірім қызды зорлаған болатын.
Ол кезде жігіт мас болған. Қарағанды облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты барлық дәлелдемелер мен сараптама нәтижелерін қарап шығып, сотталушыны 7,6 жыл мерзімге соттады.
«Сотталушының кінәсі жәбірленушінің, оның заңды өкілінің, куәгерлердің айғақтарымен, дене жарақаттарының бар-жоғы туралы сот-медициналық сараптаманың қорытындысымен, биологиялық және молекулалық-генетикалық сараптамалардың қорытындыларымен дәлелденді. Жаза тағайындау кезінде сот заңда тікелей көрсетілген жеңілдететін жағдайды – сотталушының кәмелетке толмаған жасын ескерді. Тергеуші жасаған айыптау актісіне сәйкес ауырлататын жағдайлар жоқ. Мұндай жағдайда сот оларды өз бастамасы бойынша тануға құқылы емес. ҚК-тің 81-бабына сәйкес кәмелетке толмағандар үшін бас бостандығынан айыру мерзімі 10 жылдан аспауы тиіс», - деп түсіндірді Қарағанды облыстық сотының баспасөз қызметі.
Жақында сотталушының адвокаты апелляциялық шағым түсірді.
«Қарағанды облысының мамандандырылған ауданаралық қылмыстық сотының үкімі өзгеріссіз қалды. Сот сотталған адамға заңда көзделген барынша қатаң жаза тағайындады. Үкім заңды күшіне енді», - деп түсіндірді облыстық соттың баспасөз қызметі.