ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Талғат Жанжүменов сенатор Нұрлан Қылышбаевтың өкпені жасанды желдететін отандық аппараттардың бір бөлігін денсаулық сақтау ұйымдары қабылдамағаны туралы мәлімдемесіне жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«1 қарашадағы жағдай бойынша мың жарым ӨЖЖ аппараты еліміздің 297 емдеу мекемесіне жеткізілді, барлығы іске қосылған және пайдалануға дайын. Қазіргі уақытта 140 аппарат қолданыста, қалғандары резервте тұр. Бұл кезеңде Нұр-Сұлтан қаласында ӨЖЖ аппараттары ұзағырақ қолданылатыны байқалды – барлық аппарат жұмысына шағым-ескерту түскен жоқ. Өткен аптада Семейде бір компрессордың аздаған ақауы болды, бір тәулікте бұл компрессор ауыстырылды. Біз Қазақстан тарихында алғаш рет ӨЖЖ стационарлық цифрлық аппаратын игердік», - деді Талғат Жанжүменов министрлікте өткен брифингте.
Вице-министр аппараттардың қалай жасалатынын түсіндіріп өтті.
«ҚР Үкіметінің тапсырмасымен Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне қысқа мерзімде отандық ӨЖЖ аппараттарын өндіруді ұйымдастыру тапсырылды. Бұл жұмыс екі жарым айға жалғасты және үш кезеңнен тұрды: біріншісі - аппаратты таңдау, Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп, әлемнің түрлі өндірушілерінің бес аппаратын таңдадық, оның арасында түркиялық Biyovent аппараты барлық қажетті талаптарға сай келді. Екінші кезеңде біз қысқа мерзімде түрік үкіметімен және «Қазақстан Aselsan инжиниринг» бас зауытымен келіссөз жүргіздік. Үшінші кезеңде атқару жұмыстарын ұйымдастырдық. Зауыт үш ауысымдық жұмысқа ауысты, онда 250 қызметкер жұмыс істейді, ӨЖЖ аппараттарын жасау жолдары үйретілді. Biyovent аппараты ағылшын тілінде істегендіктен, біздің мамандар орыс тіліне аударма жасады және Денсаулық сақтау министрлігінің талабымен әр ӨЖЖ аппаратына компрессорлар мен ылғалдауыштар қойылды», - деп түсіндірді Т. Жанжүменов.
Бұған дейін сенатор Нұрлан Қылышбаев республикалық бюджет қаражатын жұмсауды, әсіресе мемлекеттің әлеуметтік міндеттерді орындауына және COVID-19-ға қарсы күрес жөніндегі шараларға байланысты тәсілдерді қайта қарауға шақырды.
«Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Үкімет резервінің қаражаты есебінен отандық өндірушіден 1500 дана ӨЖЖ аппаратын сатып алған, 17 өңірдің денсаулық сақтау ұйымдары іс жүзінде тек 831-ін ғана қабылдады. Қалған 669 ӨЖЖ аппараты толықтырылмағаны үшін қабылданбаған», - деп мәлімдеді депутат.