© Sputnik / Владислав Воднев
Вице-премьер Ералы Тоғжанов Үкімет жұмысына "жақсы" деген баға берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Үкімет кулуарында журналистер Тоғжановтан ескі Үкіметпен жаңа Қазақстанды қалай құруға болатынын және министрлер кабинетінің жұмысын қаншаға бағалайтынын сұрады.
"Жаңа Үкіметте басқа жақтан келген адамдар отыруы керек деп ойлайсыздар ма? Менің ойымша, қазір Үкімет жаман жұмыс істеп жатқан жоқ. Бес балдық шкала бойынша үкімет "төртке", яғни жақсы жұмыс істеп жатыр", - деп жуап берді Тоғжанов үкімет кулуарында.
Өткен жексенбі, бесінші маусымда Қазақстанда жалпыхалықтық референдум өтті. Қазақстандықтардың басым бөлігі Конституцияға түзетулерді қолдап дауыс берді.
Бұған дейін Мемлекет басшысы референдум арқылы халық ел тағдырын шешетінін, жаңа Қазақстанды құруға қадам жасайтынын айтты. Десе де әлеуметтік желіде қазақстандықтар қазіргі Үкіметтің құрамын жиі сынға алады. Жұртшылықтың пікірінше, жаңа Қазақстан құру үшін саяси реформалар жеткіліксіз, биліктегі шенеуніктер де толығымен жаңаруы керек.