23 қыр, 2019 сағат 09:56

Энергетика министрлігі мұнай өңдеу көлемін арттырудың келесі қадамын атады

Қазақстандағы екі мұнай өңдеу зауытына техникалық қызмет көрсету мен құрылғыларды жөндеу жобасы енгізіледі. Жаңа жүйенің артықшылықтарын «Орталық Азиядағы мұнай өңдеу мен мұнай химиясы» атты халықаралық конференцияда Энергетика вице-министрі Мұрат Жүребеков атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақстан қазіргі таңда мұнай өңдеу саласын дамытпаса – бұл бағытта артта қалған елге айналары сөзсіз. Мінекей, осы себепті, еліміз капитал тартуда дамыған елдердің тәжірибесіне сүйеніп, жеке заңнамалық базасын дамытуды, инвесторларға тартымды ұсыныс жасауды көздейді. Бүкіләлемдік Doing Business-2018 банкінің рейтингі бойынша, Қазақстан 196 елдің ішінде 28-ші орында. Біз алдағы уақытта да Қазақстанның географиялық тұрғыдағы артықшылығын пайдаланамыз», - деді вице-министр.

Мұрат Жүребековтің айтуынша, Қазақстан өз ішіндегі Атырау, Шымкент пен Павлодар МӨЗ-дерін жаңғыртудың арқасында жергілікті нарықты 100 пайызға жанармаймен қамтып отыр.

«Цифрландыру аясында біз жақын арада Атырау мен Шымкент мұнай өңдеу зауыттарына техникалық қызмет көрсету мен құрылғыларды жөндеу жобасын енгізуді жоспарлап отырмыз. Бұл жүйе профилактикалық тексерістер мен жөндеу жұмыстарын басқарып, МӨЗ-дің үш жылдық жөндеуаралық кезеңіне өтуге мүмкіндік береді», - деді ол.

Вице-министрдің айтуына қарағанда, осы жүйені енгізудің арқасында құрылғылардың қызмет ету қызметі 8-10 пайызға артып, жөндеуге кететін шығын 10 пайызға азаяды, мұнай өңдеу көлемі жылына шамамен 300 мың тоннаға артады.