Ағымдағы жылдың 11 айында 621,4 мың адам Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының қатысушысы болды. Ол арқылы 413,7 мың адам жұмысқа орналастырылса, оның ішінде 269,2 мың адам тұрақты жұмысқа тұрды, деп хабарлайды ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі.
206,5 мың адам субсидияланатын жұмыс орындарымен қамтылды, оның ішінде 19,1 мың адам әлеуметтік жұмыс орындарына, 34,1 мың адам жастар практикасына, 153,3 мың адам қоғамдық жұмыстарға орналастырылды.
Еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыру мақсатында ағымдағы жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша жұмыс күші мол өңірлерден 5 665 адам, яғни 1 610 отбасы қоныс аударды.
2020 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша қысқа мерзімді оқыту курстарына 18,7 мың адам жіберілді, ТжКБ бойынша оқытумен 18,4 мың адам қамтылды.
Мемлекеттік бағдарлама аясында жыл басынан бері жаппай кәсіпкерлікті дамытуға 12 647 микрокредит берілді, оның ішінде ауыл тұрғындарына 11 162 микрокредит берілді. Микрокредит алушылар 13 585 жұмыс орнын ашты.
Сондай-ақ, бағдарламаға қатысушыларға жаңа бизнес-идеяларды жүзеге асыру үшін 200 АЕК мөлшерінде 43 мыңнан астам мемлекеттік грант беріледі. Ағымдағы жылғы 1 желтоқсанда 42,4 мыңнан аса грант бөлініп үлгерді.
Бұдан басқа, 33,2 мың адам «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқытудан өтті.