Елімізде жалақының төменгі мөлшерін арттыру мақсатында арнайы Жол картасы әзірленеді. Бұл туралы Мәжіліс депутаттарының сауалына ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің жауабында айтылған, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Ең төмен әлеуметтік стандарттар және олардың кепілдіктері туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 11-бабына сәйкес ең төменгі жалақы еңбек саласындағы ең төмен әлеуметтік стандарттардың бірі болып табылады. Ол Еңбек кодексінің 104-бабына сәйкес тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы Қазақстан Республикасының заңымен жыл сайын белгіленеді және ең төменгі күнкөріс деңгейінен кем болмауға тиіс. 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап жалақының төменгі мөлшері 1,5 есеге (28 284 теңгеден 42 500 теңгеге дейін) арттырылды, бұл мақсатқа республикалық бюджеттен қосымша 259 млрд теңге бөлінді және тұтастай алғанда халықтың орташа жалақы мөлшеріне оң әсерін тигізді», - деді Үкімет басшысы.
Оның атап өтуінше, жалақының төменгі мөлшерін арттыру мақсатында арнайы Жол картасы әзірленеді. Оның аясында еңбекақының төменгі мөлшерін арттырудың негізгі тәсілдері мен тетіктері зерделеніп, ең төменгі жалақыны белгілеу әдістемесі жетілдіріледі.
«Жалақының төменгі мөлшерін арттыру республикалық бюджеттен қосымша шығыстарды талап етеді. Осыған байланысты бұл мәселе елдегі экономикалық жағдайға және мемлекеттік бюджеттің нақты мүмкіндіктеріне қарай қаралатын болады. Қазіргі уақытта Үкімет елдің макроэкономикасына жалақының ең төменгі мөлшерін арттырудың әсерін бағалауға байланысты зерделеу жүргізуде және оның нәтижесінде Қазақстан Республикасы азаматтарының әл-ауқатын арттыруға бағытталған қажетті шаралар қабылданатын болады», - деді Асқар Мамин.